Басты Жаңалықтар Елдестірмек елшіден

Елдестірмек елшіден

Бүгін Ақордада Италия, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасының елшілері Қазақстан басшысына Сенім грамотасын табыс етті. Мемлекет басшысы олардың қызметі еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы кезеңде басталғалы тұрғанын айтты. Сондықтан, елшіліктер екі тараптық қатынасты дамытуға тың серпін береріне сенім білдірді.

Елдестірмек елшіден. Дипломатиялық миссиясына жаңадан кіріскен төрт елші де мемлекетаралық байланысты одан әрі тереңдетуге ниетті. Төртеуі де өз Отандарының Қазақстанмен арадағы алыс-берісін арттыруға құлшынып отыр. Қазаққа да олардан керегі - достық ниет, еркін сауда-саттық.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз сауда-саттық көлемін ұлғайтып, өндірісті өркендету үшін тиімді инвестиция әкелуге мүдделіміз. 2017 жылы Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингі бойынша 190 елдің арасында 36-орынға ие болды. ЭКСПО көрмесі барысында «жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталығы мен ІТ стартаптарының технопаркі құрылды. Астана халықаралық қаржы орталығы қызметін жандандыру - Қазақстанның басты басымдықтарының бірі. Осыған орай, сіздерді қаржы орталығының дамуына атсалысып, оның игілігін бірге көруге шақырамыз.

Қазақстан сыртқы саясаттағы бұған дейінгі ұстанымынан айнымақ емес. Бейбітшілікті нығайту, қауіпсіздікті күшейту қашанда күн тәртібінде. Сондықтан, бітімгершілік елшілер ескеріп жүрер басты мәселе болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңдерде болғалы тұр. Қазақстан халықаралық байланысты дамыта түсу үшін көпжақты саясатын жалғастыра беретін болады. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті, халықаралық құқық негіздерін нығайтуды көздейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз. Бұған Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан жұмыстарының нәтижесі дәлел.

Төрт елдің әлеуеті әрқилы болғанымен, оларды Қазақстанмен байланыстыратын себеп көп. Мәселен, Италия еліміздің экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі. Ал, Ресеймен арадағы қатынас мемлекетаралық байланыстың эталлоны іспетті. Өзбекстан, Түрікменстан елдерімен сан ғасырлық мәдениет, дәстүрлер сабақтастығы жалғап тұр.

Сайдикрам Ниязходжаев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Қысқа ғана уақытта Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының жаңа парағы ашылды деуге болады. Тек өткен жылдың өзінде жоғары деңгейде 6 кездесу, министрліктер мен ведомстволар деңгейінде 20-дан астам кездесулер өткізіліпті. Өзбекстанның Қазақстандағы күндері аясында тағы да 200-ден астам шара өтпекші. Сондай-ақ, Алматы мен Ташкент арасында жаңа автобус бағыты ашылып жатыр.

Таяу арада Қазақстанда Астана экономикалық форумы, Дін көшбасшыларының съезі, Дүниежүзілік Ислам форумы өтпекші. Президент осы шараларда төрт елдің тыс қалмасына сенім білдірді.

 

Шынар АСАНҚЫЗЫ

Бөлісу