Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті қабылдады

09.04.2018

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысына Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде есеп берілді. Нұрсұлтан Назарбаев білім беру жүйесі еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру ісінде ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы сонымен қатар, еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалардың уақытылы жүргізіліп жатқанын айтып, жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшіру жайына ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз іске асырып жатқан барлық бағдарламалық құжаттарда, соның ішінде Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдау мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында, сондай-ақ, цифрландыру барысында білім беру ісіне зор мән берілген. Мектептегі білім берудің сапасы осы бастамалардың табысты жүзеге асырылуының кепілі болып саналады. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту жоғары сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Балаларға ағылшын тілін қазір үйретпесек, келешекте олардан кәсіби мамандар даярлай алмаймыз. Бұл – уақыт талабы. Ата-аналар мұны дұрыс түсінуге тиіс. Бұл ретте, қазақ тілін оқытуды да ұмытпауымыз керек.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Әр бағыт бойынша кесте құрып, жұмыс істеп жатыр. Барлық бағыттар бойынша жұмыстарымыз басталып кетті.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу