Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президентімен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан президентімен кездесті

14.03.2018

Тәжікстан Қазақстанмен стратегиялық қарым-қатынасты дамытуға мүдделі. Бұл туралы бүгін елімізге ресми сапармен келген осы елдің президенті Эмомали Рахмон мәлімдеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада арнайы кездесу өткізіп, тәжік елінен келген делегациямен келіссөздер жүргізді. Қос президенттің бірлескен мәлімдемесі қабылданып, төрт  ведомствоаралық келісімшартқа қол қойылды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның бұл Қазақстанға жасап отырған үшінші ресми сапары. Мәртебелі мейманды Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада сән-салтанатпен қарсы алды. Дәстүр бойынша әскерилер сап түзеп, қос елдің мемлекеттік Әнұраны орындалды.

Үшінші ресми сапар болғанымен, Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон халықаралық жиындар төңірегінде жиі кездеседі. Биыл қос ел арасында диломатиялық қарым-қатынас орнағына - 25 жыл. Ширек ғасырда екі мемлекеттің арасында еш түсініспеушілік болмады. Достық пен сенімге негізделген қатынастың арқасында біраз жетістікке қол жеткізілді. Салтанатты шарадан кейін Президенттер шағын құрамда кездесті. Атқарылған жұмыстарды саралады. Қазақстанның кез келген бастамасын қолдайтын Эмомали Рахмонды Нұрсұлтан Назарбаев «Парасат» орденімен марапаттады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы жылдардың ішінде Сіздің басшылығыңыздың, Сіз бен менің қарым-қатынасымыздың арқасында үлкен сенімге негізделген байланыс, ынтымақтастық және достық орнаттық десем, артық айтқандық емес. Шешілмеген проблема бізде еш уақытта болған жоқ. Бір-бірімізді халықаралық ауқымда да әр уақытта қолдап келеміз. Меніңше, бұл Сіздің Қазақстанға деген көзқарасыңыздың арқасы және елдеріміз бір-біріне жақын бола түсті. Біз барлық уақытта Тәжікстанға кез келген бағытта көмек беруге, жанынан табылуға, мүмкіндігінше көмектесуге тырысамыз.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

- Тәжік халқының және өз атымнан қазір ғана маған табыс еткен жоғары наградаңыз үшін алғысымды білдіремін. Бұл награда тек менің ғана емес, сонымен бірге, халқымның да еңбегі. Тәжікстан барлық уақытта да Сіздің бастамаларыңызға қолдау көрсетіп келеді. Біз шынайы доспыз, сенімге негізделген қарым-қатынасымыз бар. Меніңше, елдеріміздің арасындағы осындай қарым-қатынас одан ары да дами беретін болады.

Қазақстан - Тәжікстанның басты сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі былтыр 30 пайызға артып, 1 миллиард долларға жуықтады. «Көрсеткішті одан әрі арттыруға толық мүмкіндік бар», - деді қос президент. Қазақстан қазір тәжік еліне өзімізде құрастырылған көліктер жібере бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жабық болған темір, автомобиль жолдары ашылып, бізге барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Тәжікстанда жаңғақ, қара өрік, анар пісті. Ал, бізде әлі қар жатыр және біз аталған жаңа піскен жемістердің сөрелерімізде болғанын қалаймыз. Келіссөздер барысында жол картасын жасауға уағдаластық. Қазақстан тәжік экономикасының ірі инвесторларының бірі саналады. Соңғы 5-7 жылда 120 млн. инвестиция құйды. Осы тұрғыда біз Астана-Душанбе тікелей әуе рейсін ашу мәселесін қарастырдық.

Қос президент су проблемасын да талқылады. Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурстан барлық халыққа тиімді етіп пайдалану керектігі айтылды. Сондай-ақ, Арал теңізін құтқару мәселесі сөз болды. Бұл тақырыпты президенттер биыл тамыз айында Түрікменстанда өтетін арнайы форумда жан-жақты қарастырады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Су-энергетика проблемасы әр уақытта маңызды тақырып болды. Әмудария мен Сырдария өзенінің бойында 70 млн. адам өмір сүріп жатыр. Аталған адамдардың өмірлері осы өзендермен байланысты. Өзара тиімді ынтымақтастық, барлық мәселелерді келіссөздер жолымен шешу - біздің барлық халықтарымыз үшін өте үлкен мәнге ие. Бұл мәселеде Тәжікстанмен бірдей ұстанымдамыз.

Эмомали Рахмонның ресми сапары екі ел үшін де тиімді. Оған кездесу барысында қабылданған ведомствоаралық құжаттар дәлел. Енді тәжік азаматтары Қазақстанда еш тіркеусіз 30 күн емін-еркін жүре алады. Екі ел енді мәдени-гуманитарлық байланысты арттыруды мақсат етті. Соның алғашқы қадамы ретінде Астананың бір көшесіне тәжік ақыны, философ Рудакидің есімі берілетін болды. Ал, Эмомали Рамхон өз елінде қазақтың ойшыл ақыны Абай Құнанбаев атында көше бар екенін айтты.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының президенті:

- Қазақстанмен қарым-қатынас Тәжікстанның сыртқы саясатында жетекші орынға ие, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізбен 26 жылдан астам уақыттан бері таныспыз және бірге жұмыс істеп келеміз. Тәжікстан халқы да, мен де қиын-қыстау кезеңдерді еш ұмытпаймыз. Сіз барлық уақытта да бізге қолдау көрсетіп, Тәжікстанның бейбіт процесіне көмек көрсетіп, экономикалық қолдау білдірдіңіз. 26 жылдың ішінде екіжақты қарым-қатынасымызды орнатып, оны стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Тәжікстанда Сізді халықаралық деңгейдегі дана әрі көреген саясаткер ретінде жақсы біледі және жақсы көріп, құрметтейді. Сіздің бірнеше кітабыңыз тәжік тіліне аударылды.

Мемлекет басшылары осылайша ресми кездесуді қорытындылады. Эмомали Рахмонның қазақ жеріне сапары ертең де жалғасады. Президенттер Орталық Азия елдері жетекшілерінің іскерлік кеңесіне бірге қатысады.

 

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу