Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елшілерден Cенім грамоталарын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елшілерден Cенім грамоталарын қабылдады

23.02.2018

Бүгін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бірнеше елдің Төтенше және Өкілетті елшілерінен Cенім грамоталарын қабылдады. Қазақстанмен қатынасты жаңа белеске шығаруды көздейтін 8 елдің дипломаты Ақордада бас қосты. Филиппин, Чад, Эквадор, Экваторлық Гвинея, Непал, Аргентина, Мексика және Йемен дипломаттарымен Мемлекеттік хатшы түрлі сала төңірегінде әңгіме өрбітті.

Мемлекет басшысының бастамалары жайында айтып, Қазақстанның сыртқы саясатта атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Аргентина елшісімен кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова дипломатты Буэнос-Айрес қаласының 2023 жылы «ЭКСПО» көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.

«Президенттің халыққа Жолдауында Қазақстанның Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында одан әрі дамуы жөніндегі міндеттер айқындалды»,- деді Мемлекеттік хатшы. Осы орайда инновациялар мен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытудың келешегі зор екені айтылды. Шара соңында Гүлшара Әбдіқалықова елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, табыс тіледі.

Карлос Соретта, Филиппин Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Біз Қазақстанмен сауда, инвестиция, энергетика, инфрақұрылым, туризм және мәдениет саласында байланысты дамытқымыз келеді. Қос елдің халқы бір-біріне жақын болуы тиіс. Қазақстан бүкіл әлемдегі бейбітшілікке үлкен үлес қосты. Ядролық қарудан бас тарту, терроризммен күрес және Таяу Шығыста тыныштық орнату мақсатында жасаған қадамдарын жоғары бағалаймын.

Мбатна Банджанг,  Чад Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Қазақстанмен бірге бірнеше ұйымға мүшеміз. Көбінесе қос елдің көзқарастары ортақ болып жатады. Әсіресе, терроризмге қарсы күресте мақсатымыз бір. Біз Қазақстанға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде атқарып жатқан жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Болашақта екі елдің байланысы беки түсетініне сенімдімін.

Хабарламаларға жазылу