Тәуелсіздік дәуірі: Сыртқы саясат стратегиясы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік дәуірі: Сыртқы саясат стратегиясы

16.01.2018

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үшін сыртқы саясаттағы қадамдар оңай болған жоқ. Ол сәтте дөңгеленген дүниеде барлығы да ауыспалы секілді болып көрінген еді. Кадр мен қаржы тапшылығы тағы бар. Дегенмен, әлемдік саясат сахнасында біздің еліміз батыл қадамдар жасап, жаңа бастамаларды көтере білді. Егемен елдің жылнамасына баланған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында осы тарихи маңызды оқиғалар кезең-кезеңімен, көпшілікке түсінікті тілмен баяндалған. 

Егемендік алған алғашқы жылдары Қазақстан өзінің сыртқы саясатын тыңнан бастауына тура келді. Бұл саладағы тәжірибе аз, көп елдермен байланыс орнатылмаған. 90-шы жылдардың басындағы әлемде қалыптасқан күрделі ғаламдық геосаяси ахуалында бұл жағдайды тіпті күрделі ете түсті.

Қазақстанның геосаяси жағдайының ерекшелігін түсіну бізге әлемдік алыптармен көрші орналасқан жас мемлекетіміздің болашағын болжай білуге көмектесті. Көптеген адамдар әлсіздік факторы деп есептеген нәрсенің бәрін біз керісінше, табыстың кепілі есебінде қарастырдық. Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы дәл осындай жағдайы біздің көпвекторлы сыртқы саяси бағытымыздың іргетасына айналды.

Ал, ел аумағындағы Семей сынақ полигоны мен мұраға қалған кеңестік қару-жарақ әлемдік державалардың назарын аудартты. АҚШ, Ұлыбритания секілді алып елдердің басшыларымен ұзақ келіссөздер жүргізіліп, баршаға тиімді шешім қабылданды.

Қазақстанның басты артықшылығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, керісінше, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық беделде екенін біз о бастан жақсы сезіндік. Ол ядролық қарусыз мемлекетті жүздеген, тіпті мыңдаған оқтұмсығы бар мемлекеттерден де қауқарлы күшке айналдыра алатын. Ұзақмерзімді ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін қатерлі қарудан бас тартудың мұндай саясаты барлық замандарда да өзгелерге үлгі болуға тиісті еді.

Егемендіктің алғашқы жылдары қазақ дипломаттарының жеткен тағы бір жетістігі ол шекараны шегендеу еді. КСРО дәуірінде нақты түйіні қойылмаған Қытаймен арадағы даулы жерді бөлісуге нүкте қойылды.

Изат Медешова, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Қазақ елі Тәуелсіздік алған сәттен бастап әлемде өзінің бейбіт көзқарасымен танылып келеді. Осы арқылы бүгінде Еуразиядағы көшбасшы елдердің біріне айналды. Сан түрлі сын-қатерді еңсерді. Ал, бүгінде беделді саяси салмағы бар Қазақстан түрлі мәселелердің күрмеуі шешілетін бітімгер ортаға айналғанын әлем мойындап отыр.

 

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу