Басты Жаңалықтар Alatau City: Жаңа қалаға не үшін арнайы мәртебе берілді?

Alatau City: Жаңа қалаға не үшін арнайы мәртебе берілді?

Апта басында Алматы облысына барып, Алатау қаласын дамыту жайлы кеңес өткізді. Астананың Ақмолаға көшірілуі қандай факторға айналғанын тарқату артық шығар. Alatau City цифрлық технологиялар, инвестициялар, жалпы қазіргі даму үрдістерін енгізетін орталық болуы тиіс деген жоспарды көреміз. Тіршілікті жаңа белеске өткізетін көпір сияқты ойластырылғанын байқаймыз. 
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қарапайым тілмен айтқанда, Alatau City – бұл жай ғана жаңа қала емес, Қазақстанның болашақ технологиялық және инвестициялық орталығына айналуы тиіс жоба. Сондықтан шаһарға арнайы құқықтық мәртебе беріліп отыр. Бұл инновациялық шешімдерді тез енгізуге, инвесторларды тартуға және басқарудың заманауи тәсілдерін қолдануға мүмкіндік береді. Мысалы, «ақылды» көлік жүйелері, цифрлық мемлекеттік қызметтер немесе жасанды интеллект негізіндегі қалалық басқару шешімдері алдымен осы жерде сынақтан өтуі мүмкін. Жоба сәтті жүзеге асса, ол жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз осы қалаға инвестиция тартып, оны бизнестің және инновацияның жаңа орталығы ретінде дамытатын болдық. Осы жерде өмір сүру, жұмыс істеу азаматтарымызға, әсіресе, өскелең ұрпаққа мол мүмкіндік бермек. Сондықтан Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Осы тұста мынадай бір заңды сұрақ туындайды, бізге жаңа қала не үшін керек? Alatau City – Алматы агломерациясындағы жаңа даму орталығы. Мақсат – жоғары технологиялар, инновациялар, цифрлық қызметтер мен инвестицияларды шоғырландыратын заманауи қала қалыптастыру. Президент Alatau City жобасы жан-жақты зерделенгенін, пысықталғанын айтты. Қазақстан болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтерген Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон сияқты сәтті жобалардың тәжірибесіне сүйенетінін де жасырмады.

Хэн Файн Вонг, «Asia Infrastructure Solutions Singapore» компаниясының басқарма төрағасы, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі:

Біз осы жылдың қазан айында осы бірегей қаланың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Корпоративтік кеңселер орналасатын алғашқы жеті блок 2026 жылға қарай пайдалануға берілуі тиіс. Ал сәулеттік келбетімен ерекшеленетін екі зәулім мұнараның құрылысы 2029 жылы немесе 2030 жылдың басында аяқталады деп жоспарлануда. Олардың ең биігінің биіктігі 272 метр болады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Alatau City антимагнит, яғни кері тартылыс орталығы қызметін де атқарады. Бір сөзбен айтқанда, Алматы сынды жанама орналасқан ірі мегаполистің жүктемесін азайтады. 276 800 шаршы метр аумақты алатын жаңа шаһарда заманауи бизнес орталықтар, мәдени нысандар мен қонақүйлер бой көтереді.
Электрдің жиі өшуі, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығы. Президент мұндай проблема облыстың барлық аумағында бар екенін ашық айтты. Мәселен, былтыр электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, салдарынан аймақ жұрты 919 рет жарықсыз қалған, ал биыл 201 мәрте электр қуаты өшкен. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев базалық мәселелер шешілмейінше, Alatau City-ді толыққанды смарт-қалаға айналдыру қиын екенін айтып, Үкімет пен облыс әкімдігіне нақты тапсырмалар берді. Яғни, Alatau City үшін басты міндет тек инвестиция тарту немесе инновациялық жобаларды іске қосу емес, сонымен бірге халыққа қажетті негізгі инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігуде. Alatau Smart City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Болашақта 2 миллион тұрғыны бар заманауи мегаполиске айналатын Алатау қаласы электр энергиясымен қалай қамтамасыз етіледі? Әрине, оған дейін АЭС құрылысы аяқталып, жаңа станциялар мен жаңа генерация көздері іске қосылуы мүмкін. Алайда Президент дәл қазір энергияны үнемдеуге басымдық беру қажет деді. Өйткені ең алдымен өндірілген энергияның қаншасы тұтынушыға жетпей жоғалып жатқанын есептеу керек. Қазір елде электр және жылу желілеріндегі шығын әлі де жоғары. Бұған инфрақұрылымның тозуы ғана емес, энергияны тұтыну мәдениетінің төмендігі де әсер етіп отыр. Осыған байланысты Үкіметке, әкімдіктерге және ұлттық компанияларға энергияны үнемдеу тапсырылды.


Бөлісу