Басты Жаңалықтар Балғын балуандар бәсекесі

Балғын балуандар бәсекесі

Ақтөбеде Қазақстан мен Ресейдің жас балуандары бас қосты. Қазақстан республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақдәулет Өрбісінұлының 100 жылдығына арналған жасөспірімдер арасындағы турнирде еркін күрес және әйелдер күресі шеберлері сынға түсті.

Қобда ауданында туып-өскен Бақдәулет Өрбісінұлы екінші дүниежүзілік соғыстан аман оралып, білім беру саласында зор жетістіктерге жеткен ұстаз. КСРО ағарту ісінің үздігі саналы ғұмырының елеулі бөлігін спортқа арнады. Қарағандыдағы спорт-интернатты ширек ғасыр басқарып, чемпиондар тәрбиеледі. Бүгінгі турнирдің ашылу салтанатына оның шәкірттері де арнайы келді.

Марат Қойлыбаев, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, Б.Өрбісінұлының шәкірті:

1989 жылы арқадағы, Қарағандылағы сол мектеп-интернатымызға Әлия Молдағұлова батыр апамыздың атын алып беріп, бүгінде Әлия Молдағұлова атындағы мектеп-колледж атағын алып келе жатыр. Бұл кісінің істеп кеткен ісі өскелең ұрпаққа тәрбие болады және өзіміздің еліміздің тұғырының биікте болатынына осындай турнирлер жастарға үлгі болады деген сенімдеміз.

Боз кілемге шыққандардың осалы жоқ. Әйелдер күресі бойынша жетпіс спортшы бақ сынады. Олардың арасында республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген тәжірибелі балуандар бар.

Айым Мақсатова, турнирге қатысушы:

Еркін күреспен айналысып келе жатқаныма бес жарым, алты жылдай болып қалды. Бұл күрес маған қатты ұнайды. Бұл жарысқа бірінші орын алу мақсатымен келдім.

Турнирге Ақтөбеден бөлек Батыс қазақстан, Атырау, Қызылорда облыстарының жас балуандары қатысып жатыр. Ал Ресейден үш команда келген. Қатысушылар он салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды.

Бөлісу