«2017 жыл Елбасының жаһандық саясаттағы рөлі мен беделін айшықтай түсті». Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жылды қорытындылап, осылай деді. «Жалпы, үстіміздегі жыл мемлекет дамуының жаңа сатысына көшуге байланысты жүзеге асырылған жұмыстардың көлемі мен қарқыны жағынан ерекше жыл болды. Елбасының тікелей бастамасымен Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Президент өкілеттіктерінің бір қатарын биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтары иеленді», -деді жоғары палата спикері. Оның айтуынша, сенаторлар Үкіметпен өзара тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, еліміз үшін өте маңызды 90-нан астам заң жобасын қабылдады. Сенаторлар еліміздің сыртқы саяси бастамаларын қолдау мақсатында халықаралық парламенттік ұйымдар мен құрылымдар аясында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қабылданған заңдар негізінен Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталды. Бірқатар заң топтамасы Елбасының үшінші сессияны ашу кезінде берген тапсырмаларын орындауға арналды. Алдағы 2018 жылы бізді жүйелі түрде жүргізілетін күрделі жұмыстар күтіп тұр.
Индира БЕГАЙДАР