Жаңа Кедендік кодекс қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды реттейді
Бұл туралы Қазақстан мен Ресей комитеттерінің кездесуі барысында айтылды. Бұл кодекстің Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы елдердің әрбір тұрғынына қатысы бар екен. «Одақ жұмысы ашық әрi әдiл жүргiзiлiп, сенiмге негiзделуi тиiс», - дейді парламентшілер. Егер бiр мемлекет осы бағытта дұрыс жұмыс істемейтін болса, репрессивтi шаралар қабылданады. Енді шекараларда болып жатқан жағымсыз жағдайлар азаяды деген үміт бар. Кездесуде бірнеше өзекті мәселелер талқыланды.
Қазақстан мен Ресей - достықты берік ұстанған елдер, үнемі бірге жүреді. Екі елдің арасында қарым-қатынастың орнағанына - 25 жыл. Ширек ғасырда ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз нығая түсті. Парламентаралық байланыс та жақсы жолға қойылды. Екі елдің депутаттары үнемі кездесіп, тәжірибе алмасып тұрады. Мәселен, Ресей терроризмге қарсы күрес мәселесіне қатысты заңдарымыздың кейбір нормаларын қарап, тиімді жерлерін өз заңдарына кіргізген. Жылы қарым-қатынасты бүгінгі жиыннан-ақ байқауға болады.
Талқылау, таразылау, түйткілдердің шешімін табу. Бұл кездесудің көздегені - осы. Халықаралық терроризм, экстремизмге қарсы мәселесі өзекті. Ресей президенті Владимир Путин Сирия мәселесін реттеуге қатысты арнайы алаң ұсынып, Астана процесін ұйымдастырғаны үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, «Қазақстан тайталасты тоқайластыруға өте қолайлы жер», дегенін білеміз. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев жаһандық індетпен күресуде Астана келссөздерінің маңыздылығына тоқталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
- Бұл қақтығыстар шамамен 500 мыңға жуық адамның өмірін жалмады, 5 миллиондай адам босқын. Астана келіссөздері дер кезінде өткізілді. Осыған дейін қиын бірақ, нәтижелі алты келіссөз өтті. Бүгін жетіншісі басталды. Бұл келіссөздер Сириядағы жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеді. Астана процесін Женева келіссөздерінің бір бөлігі ретінде қарастырамыз.
Владимир Шаманов, РФ Федералдық жиналысы Мемлекеттік думасы Қорғаныс комитетінің төрағасы:
- Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Үкіметтеріңізге және Парламентке алғыс білдіреміз. Өйткені, Астана Таяу Шығыстағы қақтығыстарды болдырмауда әлемдік орталықтың біріне айналды. Осы процесстердің арқасында Сирияда бейбітшілік орнайтынына сенімдімін.
Кездесуде талқыға салынған тағы бір тақырып - ол Кедендік кодекс. Бұйырса 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енбек. Бiрнеше күн бұрын Ресей Федерациясы ортақ Кедендiк кодекстi ратификациялады, Беларусь бекітіп үлгерді. Енді біздің Парламент ратификацияласа, онда ЕАЭО туралы шарттың 32-шi бабын күшiне енгiзедi. Бұл дегеніңіз, Қырғызстан мен Қазақстан шекарасындағы жағдай мен үшiншi елдердiң тауарларының алмасуымен байланысты басқа да мәселелер реттеледi. Қатысушылар қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал жайлы да пікірлерін білдірді.
Владимир Водолацкий, РФ Федералды жиналысы мемлекеттік думасының ТМД, Еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Ресей Қазақстанның және аталған процеске өзге де қатысушылардың ұстанымын қолдайды. Біздердің арамызда әділ, ашық және серіктестік қарым-қатынас болуы тиіс. Тек сонда ғана біз ұтысқа шығамыз. Сонда ғана біздің одақ қарқынды дамитын болады және аталған процеске қатысушы мемлекеттердің ғана емес, сонымен бірге ШЫҰ, БРИКС және өзге де елдердің басымдықты экономикасына қол жеткіземіз. Біз сыртқы, «сұр» сызбаларға тәуелді болмауымыз қажет.
Елімізде бүгінде ресейлік капиталдың қатысуымен 13 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 7600 шақырымдық Қазақстан-Ресей шекарасы посткеңестік кеңістікте ғана емес, сонымен бірге, бүкіл әлемдегі ең ұзын саналады. Қазақстанның 7 облысы Ресейдің 12 өңірімен шектеседі.
Юрий Мищеряков, РФ Федералдық жиналысы Мемлекеттік думасының депутаты:
- Орынборда 12 мектепте балалар қазақша білім алады. Бұл облыстағы қазақ диаспорасының саны 124 мың адамнан асады. Бүгінде өңіраралық саудаға екіжақты тауар айналымының шамамен 70 пайызы тиесілі.
Екi ал арасында көлiк жүйесiн дамыту маңызды. Сондықтан, ең алдымен, Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту үшiн көлiк-логистикалық жүйенi қазiргi заманға сәйкестендiру басты мiндет болып тұр. Бес сағатқа жуық созылған жиын осындай өзекті мәселелерін көтерді.
Индира БЕГАЙДАР
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы