«Еуразия апталығы» форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еуразия апталығы» форумы басталды

24.10.2017

Алматыда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Еуразия апталығы» форумы басталды. Төртінші рет ұйымдастырылып отырған әлемдік жиын Еуразия құрлығында алғаш рет рет өтіп отыр. Ұйымның бас хатшысы Анхель Гурриа енді халықаралық ұйым мен аймақ мемлекеттері арасындағы байланыстың нығаятындығын айтты. Басқосуға Қазақстан, Армения, Украина, Әзербайжан және Моңғолия секілді 13 мемлекеттің өкілдері келді. Ал, біздің тараптан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған ресми топ қатысып жатыр. Үш күндік шарада бірнеше іскерлік кездесу жоспарланған. Сондай-ақ, ұйым жұмысын жүйелеудің ортақ мәселелері, бәсекелестікті арттырудың озық тәжірибелері, жекеменшік сектор мен жан-жақты даму жолдары талқыланады.

Анхель Гурриа, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас хатшысы:

- Ең негізгі міндеттердің бірі - ашық нарық қалыптастыру екендігін айтамын. Қазақстан қазір осындай әлемдік мәселелерге белсене қатысады. Сондықтан, біз ауқымды жиынды Алматыда өткізуді жөн көрдік. Жалпы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Еуразия мемлекеттеріндегі кәсіпкерлік, инновация, шағын және орта бизнестің өркендеуін әркез қолдайды. Осы бағытта мемлекеттер арасындағы нарықтық кедергілерді алып тастау қажет.         

Форум аясында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев арнайы баяндама оқып, әлемнің озық елдерімен арадағы ынтымақтың әрі қарай жандана түсетіндігін атап өтті. Мәселен, 2015 жылдан бастап Қазақстан мен ЭЫДҰ арасында тәжірибе алмасудың жаңа платформасы қалыптасып үлгерді. Осы іскерлік байланысты 2018 жылға дейін ұзарту ұсынысы мақұлданды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстанның Ұйыммен ынтымақтастығының Елдік бағдарламасына сәйкес, біздің еліміз реформалар жүргізу мен ЭЫДҰ-ның озық экономикалық стандарттарын енгізу бойынша әріптестікті кеңейтуге ниетті. Осы мақсатта Үкімет биыл ЭЫДҰ-ның ұсыныстарын іске асыру бойынша ұлттық Жол картасын бекітті.

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу