Келесі жылы ашылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының Тәуелсіз соты мен халықаралық арбитраждық орталықтың нормативтік құжаттарын дайындау жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Қайрат Келімбетов айтты. «Қаржы орталығын іске қосу үшін әлемнің үздік тәжірибелері пайдаланып жатыр», - дейді ол. Сондай-ақ, кездесу барысында орталықтың жоғары технологиялық биржасы құрылатыны белгілі болды. Мемлекет басшысы ұсынылған есепті назарға алып, бірқатар нақты тапсырма берді.
Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:
- Бұл биржаға басты қатысушылардың бірі – америкалық «Nasdaq» компаниясы. Бұл – әлемдегі үшінші биржа. Сондай-ақ, ірі биржалардың ішінде төртінші болып саналатын Шанхайдың қор биржасы. Сондықтан, өтімділік бойынша мәселелер шешіледі деп ойлаймыз. Ислам банктері, Сауд Арабиясы, Араб әмірлектері және Таяу Шығыс елдерінің бірқатары да өздерінің өкілдіктерін бізде ашу туралы нақты келіссөздер жүргізіп жатыр.