Татарстанның тұңғыш президенті Минтимер Шаймиев Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Татарстанның тұңғыш президенті Минтимер Шаймиев Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берді

16.06.2015
Татарстанның тұңғыш президенті Минтимер Шаймиев Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берді

Қазақстан - қысқа мерзімде зор табысқа жеткен мемлекет. Бұл - көреген басшы мен оның батыл бастамаларын бірауыздан қолдаған дана халықтың арқасы.

Ұлттық арнаға арнайы сұхбат берген Татарстан Республикасының бұрынғы Президенті, қазіргі Мемлекеттік кеңесшісі Минтимер Шаймиев осындай пікір білдірді.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Түбі бір түркі баласы саналатын қазақ пен татар халқын ортақ тарих қана емес, қазіргі замандағы сауда-экономикалық қатынас та берік байланыстырып тұр. Сондықтан, татар тарапы біздің еліміздегі оқиғаларды жіті назарда ұстап отырады. Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берген Татарстанның бұрынғы Президенті Минтимер Шаймиев осындай пікір білдіріп, еліміздің қазіргі уақытқа дейінгі дамуын жоғары бағалады.

Минтимер Шаймиев - Ресейдегі беделді саясаткерлердің бірі. Татарстанды 20 жылға жуық басқарған көрнекті тұлғаның Қазақстанға, оның Президентіне деген ықыласы ерекше.

Минтимер Шәріпұлы «Қазақ елі қысқа мерзімде қыруар іс атқарды», дейді.  

Минтимер Шаймиев, Татарстан Республикасының тұңғыш Президенті, Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:

Біз көрші әрі бауырлас Қазақстанның қалай дамып жатқанына бейжай қарай алмаймыз. Мен әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына қосылу туралы міндеттің мерзімінен бұрын орындалғанын білемін. Бұл айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде тәуекелі зор, үлкен сынақ,болды. Қазақ елінің адами потенциалы зор, ғылыми-техникалық мүмкіндігі жоғары және қазба байлықтарының қоры мол.

Нұрсұлтан Назарбаевтай сұңғыла саясаткер осының бәрін сауатты түрде біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра білді. Таяуда  өткен сайлаудың нәтижесі елдің дұрыс бағытта бара жатқанын және осы жолда халықтың көшбасшысына толықтай сенетінін көрсетті.

Қазақстан өз дамуында кездейсоқ жолға түскен емес. Еліміз үнемі айқын мақсат, белгілі бағдар, жүйелі жоспармен жүрді. Сондықтан, Президент ұсынған 5 институционалдық реформа - осы жылдар бойғы жұмыстың заңды жалғасы, жаңа кезеңі.

Минтимер Шаймиев болашақтың қамы үшін бұл істің аса керек екеніне тоқталды.

Минтимер Шаймиев, Татарстан Республикасының тұңғыш Президенті, Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:

Қазақстан Президенті белгілеп берген бес даму бағытының әрбір тұсы терең ойластырылған. Бұл - шын мәнісінде өте зор, амбициялы міндет. Алайда, дамудың жаңа деңгейіне көтерілу үшін осындай тың мақсат қойып, халықты серпілту керек. Жаңа реформалардың іске асатынына еш күмән жоқ. Ол халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын жақсартады.

Мен аумалы-төкпелі заманда елдің алдына биік мақсат қойып, соны іске асыруға ерік-жігері жететін Қазақстан Президентінің қайраткерлігіне таңғаламын.

Татарстанның тұңғыш Президенті біздің елге жасаған сапарларын ерекше тебірене еске алды. Сөз соңында «Түрлі ұлысты ұйыстырып, ұлы істерге ұмтылған киелі мекен - Қазақстан «Мәңгілік елге» айналады», деген сенімін білдірді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу