ШҚО-ның Степное ауылында қымбат су тарифі халықты қинап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-ның Степное ауылында қымбат су тарифі халықты қинап тұр

24.05.2019

Халқы таза ауыз суға, төрт түлігі жайылымға жарымаған. Ұлттық арнаға Шығыс Қазақстандағы Степное ауылының тұрғындары хабарласып, елді мекендерін тура осылай суреттеді. Мұндағы жұрттың айтуынша, олар судың сапасынан бұрын, бағасына шыдамай барады. Бір текше метрі үшін кәсіпкерге 264 теңге төлейді екен

Өскеменнің дәл іргесінде, үлкен өзеннің тура жағасында орналасса да, Степное ауылы тіршілік нәріне жарымай отыр. Елді мекендегі 230 үйдің 80-і ғана орталық су құбырына қосылған. Бұл судың бір текше метрі - 264 теңге. Әр отбасы айына орташа есеппен 5-6 мың теңге төлейді екен.

Роза Қоңырбаева, Степное ауылының тұрғыны:

- Былтыр жолдасым монополияға қарсы комитетке барғанда, сонда компьютерден қарап айтыпты, сіздерде тариф ең қымбат деп. Облыс түгілі, Қазақстан бойынша қымбат.

Степное тұрғындарын сумен жекеменшік кәсіпорын қамтамасыз етеді. Кезінде ауылдағы су жүйелерінің құжаты жоғалып кеткендіктен, бұл мекеме мемлекеттен субсидия алмайды. Тіршілік нәрінің қымбат болуына басқа да себептер көп дейді.

Виктор Козленко, кәсіпкер:

- Электр энергиясы мен жөндеу жұмыстарына кететін шығындар бар. Өзімізде техника жоқ. Бір жерде апат болса, қажетті техникаларды жалдаймыз. Олар сағатына он мың теңгеге дейін алады. Бәрі қымбат. Жұмысшылардың жалақысы да бар. Бұл баға осылардың жиынтығынан шығып отыр.

Біраз жыл бұрын осы ауылға су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасалыпты. Бірақ ақша бөлінбегендіктен, олар ескіріп қалған. Екінші рет жасауға тура келген.

Төлеуғазы Садықов, Степное ауылының тұрғыны:

- Жобалық-сметалық құжаттарын жасады, Нұр-Сұлтан қаласында бюджеті бекітіліп жатыр дейді.

Халық құбыр тарту үшін көше бойын қашан қазады деп жүргенде, ауылдың іргесінде карьер пайда болған. Құрылыс компаниялары бұл жерден қиыршық тас алмақ. Ауыл тұрғындары мал жайылатын жердің тарылып бара жатқанына алаңдаулы.

Ерік Құмаров, Ушанов ауылдық округінің әкімі:

- Олардың қазір құжаттарының бәрі дұрыс. Жер қойнауын пайдалануға контрактілері бар, сондықтан ол жер оларға бөлінген. Жайылымға мал өтетін жерді қалдырамыз дейді. Қазір сол сұрақты шешіп тастадық.

Степное тұрғындарын сергелдеңге түсіретін тағы бір проблема бар. Өскемен қаласының тұрмыстық қалдықтар полигоны осы елді мекеннің маңында орналасқан. Сондықтан жаз уақытында ауыл халқы жағымсыз иістен де зардап шегеді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу