Премьер-министр Асқар Мамин жауаптыларға осындай тапсырма берді. Бүгін Үкімет отырысында ерекше жеңілдігі бар экономикалық және индустриялды аймақтарда атқарылған жұмыстар сараланып, проблемалар айтылды.
Қазіргі таңда Қазақстанда 12 арнайы экономикалық және 29 индустриялды аймақ бар. Мемлекет экономиканы алға сүйрейтін бұл жерлердің инфрақұрылымы мен дамуына осы уақытқа дейін милиардтаған қаржы құйды. Нақтырақ айтсақ, 314 миллиард 300 миллион теңге. Министр Роман Скляр бұл қолдаудың арқасында қыруар инвестиция тартуға жол ашылды дейді.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Бұл ретте тартылған инвестиция көлемі 910 миллиард теңге. Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына салынған 1 бюджет теңгесі 2,8 теңге жеке инвестиция тартуға жол берді. Индустриялық аймақтарда инвестиция көлемі шамамен 183 миллиард теңгені құрайтын 168 өндіріс және 8,5 мыңнан аса жұмыс орындары құрылған.
Алдағы жоспар да ауқымды. 2021 жылға қарай арнайы экономикалық аймақтарда құны 2 триллион теңгеден асатын жобалар іске қосылады деп жоспарлануда. Ал биыл 36 жоба жүзеге асып, 1200-ге жуық жұмыс орны құрылмақ. Үкімет басшысы бұл аймақтардағы тірлікті тиімді ете түсу үшін жұмыс барысын «бір терезе» қағидасы бойынша ұйымдастыруды тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Қосымша бір мәселе – жауапты мемлекеттік органдар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша үш жылдық даму стратегиясын әзірлеуді тапсырамын. Осы жылдың қыркүйек айында аймақтардың даму жоспарларын талқылаймыз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар өңірлердің экономикалық өсімін қамтамасыз етуі керек. Бұл үшін нақты жұмыстар мен сапалы жобалар қажет.
Премьер-министр арнайы экономикалық аймақтардағы жұмысты жандандыру үшін халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды шақыру керектігін де айтты. Мысал ретінде «Қорғас» шығыс қақпасы мен «Ақтау» портын басқаруға Дубайлық атақты компания тартылуда.
Премьер бұл тапсырманы ең алдымен жұмысы ақсап тұрған арнайы экономикалық аймақтарды меңзеп айтқандай. Қазіргі таңда Жамбыл облысындағы «Химпарк Тараз» бен Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» аймақтарының жұмысы көңіл көншітпейді. Айта кетейік, былтыр ақпан айында өткен кеңейтілген үкімет отырсында Елбасы Н.Назарбаев та оларды сынға алып, жалпы арнайы аймақтардың өңір экономикасының қозғаушы күші бола алмай жатқанын айтқан еді.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ