Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының оқу-жаттығу алаңында БАҚ өкілдері арасында жарыс өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының оқу-жаттығу алаңында БАҚ өкілдері арасында жарыс өтті

24.04.2019

Бәсекеге телерадио, газет-журналдар мен сайттардың қызметкерлері қатысып, бақ сынады. Сарбаздармен бірге жауынгерлік даярлықтан өткен тілшілер қауымы түрлі жаттығулар жасап, бір күн әскерилердің тәртібіне бағынды.

Құрлық әскерлері әскери институты бүгін журналистерге атыс қаруынан оқ атуға мүмкіндік берді.

Қаламды қару еткен тілшілер үшін алыс қашықтықтағы нысанды бір дегенде құлату оңайға түскен жоқ. Дегенмен, күн сайын қайталаса, кез келген адамның шеберлігі шыңдалады. Ақпарат майданында жүрген нәзік жандар да мергендіктерін көрсетті.

Жаңылхан Мәмежанқызы, «Qazaqstan» ҰТА Алматы филиалының продюсері:

- Бұл жерде нағыз оқпен, қару-жарақпен жұмыс істеу деген адамды кішкене толғандырады, толқытады. Өзіңнің командаң үшін жауапкершілікті сезінесің.

Оқу-жаттығуда қару атудан бөлек, кедергіден өту, әскери амал-тәсілдерді межелі уақытта орындау сияқты қиын тапсырмалар да болды. Себебі нысананы дәл көздейтін сарбаз қашанда түрлі жағдайдағы әскери қимыл-қозғалыстағы әрекетке дайын болуы қажет.

Шарада әскери білім ордасының бітіруші тәлімгерлері сауытты көліктен оқ атып, күрделі тапсырмаларды орындады. Себебі олар 4 жыл бойы оқып, үйренген әдіс-тәсілдерін шебер қолдана білуі тиіс. «Сондықтан олардың қателесуге қақысы жоқ», - дейді мамандар. Оқу-жаттығу кезінде болашақ сардарлармен қатар, автоматтан оқ атып, кедергілерден өткен журналистер де дайындықтары жоғары деңгейде екендігін көрсетті. Жарыс соңында жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу