Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық-тактикалық жаттығуы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық-тактикалық жаттығуы аяқталды

20.04.2014
Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық-тактикалық жаттығуы аяқталды

Алматы өңірінде бүгін Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық-тактикалық жаттығуы аяқталды. Құрлық әскерінің жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, «Іле» және «Көктал» әскери сынақ алаңында өткен оқу-жаттығуға 2,5 мың сарбаз қатысты, 500 әскери техника тартылды.
  
 Дүбірлі сынақтың белсенді фазасын - жақында ғана Қорғаныс министрі болып тағайындалған Серік Ахметов қадағалады. Соғысқа мейлінше ұқсатылған жаттығуда Аэроұтқыр әскерлерінің Алматы, Талдықорған, Қапшағай және Сарыөзек гарнизондарындағы сарбаздар жауынгерлік дайындықтарын пысықтады.
  
 Сансыз шақырымдық жауынгерлік маршта Қазақстан Қарулы Күштері тұңғыш рет түнде қалқымалы әскери көпірмен өзенді кесіп өтті. Ал, ауқымды сынақтың ерекшелігі - бригада-тактикалық жаттығу тегіс дала төсінде ғана емес, таулы аймақта және суды кешіп өту түнде ұйымдастырылды. 
  
 14 сәуір күні дабыл қағылып, жауынгерлер «Көктал» сынақ алаңына жорыққа аттанды. Алғашқы кедергі - түнде Іле өзенінен қалқымалы әскери көпір арқылы өтіп, жаудың шебіне ішкерлей ену еді. Қара түннің түңлігі түрілісімен 30 БТР сауытты техникасы судан жүзіп өтіп, жаудың шебін бұзды. Ілгерідегі жаттығуларда қалқымалы көпір тек күндіз құралатын. Бұл жолы - түнгі ұрыста пайдаланылды.
 
Қанат Белгібеков, аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары:
Енді қазір пантомды көпірмен 160-тан астам техника өтіп жатыр. Олар ары қарай тоқтамай Көкталға дейін барады. Қазіргі біздің Құрлық әскерлері бас қолбасшысы тоқтамай, әрі қарай ұрысты бастай  беруі керек. 
  
 Бригадалық-тактикалық жаттығудың шешуші айқасы 19 сәуірге жоспарланды. Шартты түрдегі ұрысқа Қорғаныс министрі Серік Ахметовтің өзі қатысты. Қолбасшы әуелі тылдағы жағдайды барлады. Оқ пен оттың ортасында жүрген жасақты толықтай қамтамасыз ететін тылда орналасқан командалық штаб, далалық наубайхана, дала моншасы және техника жөңдеу базасының жұмысын тексерді.
  
 Министр тылдың тынысымен танысқаннан кейін әскери қолбасшылармен бірге шартты түрдегі соғысты бастауға бұйрық берді. Заңсыз қаруланған 400 жасанды жау - еліміздің оңтүстік-шығысындағы тау бөктерін тасалаған. Жауынгерлерге әуелі қарсыластың базалық лагерін қоршау, сосын жою міндеті тапсырылды. Жан беріп, жан алысқан шын соғысты елестетін бригадалық-тактикалық жаттығу «Құрық» деп аталды.
 
Дәулет Оспанов, ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор:
«Құрық» деп атадық. Өйткені, жауды төрт жағынан да қоршаймыз. Алдымен танкілер, БМП-лармен, одан кейін БТР-лармен жақындап, жауды жоямыз. 
  
 Ұшқышсыз-ақ ұшатын, тыңшылық қызметті атқаратын «Skylark» құрылғысы тактикалық жаттығуда бірінші рет сынақтан өтті. Құрылғы күншілік жердегі жағдайдан мәлімет беріп тұрған соң, сарбаздар жау тылына шабуылды үдете берді.
  
 Зымыранды әскерлер мен артиллерия, танкі және мотоатқыш бөлімдері шешуші айқасты іске асырды. Әуе қорғаныс күштерінің жойғыш ұшақтары мен тікұшақтары шартты жау нысанын қара түтінге бөктірді. 
 
Әділбек Алдабергенов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері Бас штабының бастығы, генерал-майор:
14 сәуірде басталған оқу-жаттығу 20-на дейін жалғасты. Төрт кезеңді сәтті аяқтаған бригада сарбаздары өздерінің жауынгерлік дайындықтарын толық көрсете білді. Асығып-аптығып, әбігерге түскен жоқ. Қойылған тапсырманы мүлтіксіз орындады.   
      
 Ұрыс алаңы жайбасарлықты көтермейді. Сондықтан, сарбаздар барынша шапшаң болуға тырысып бақты. Ел шетіне жау тисе, бірінші аттанатын аэроұтқыр әскерлерінің «Толқын» жедел шабуылдау тактикасы сәтті орындалды. Іле өзенінен басталған кең-ауқымды тактикалық жаттығудың соңғы кезеңі бүгін аяқталды.
  
Дәурен Дариябек, тілші:
Қару мықты емес - қаруды еркін меңгерген сарбаз мықты. Бүгін қазақ жауынгерлері «Көктал» сынақ алаңында бес қаруды еркін меңгергенін дәлелдеуге тырысты. Сүт пісірім уақыттың ішінде жаудың шебін бұзды.
  
Дәурен ДАРИЯБЕК

Хабарламаларға жазылу