Ақтөбе теміржол ауруханасының қызметкерлері жұмыссыз қалғалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе теміржол ауруханасының қызметкерлері жұмыссыз қалғалы тұр

02.04.2019

Мекемені иелігіне алған жаңа қожайын 100-ден аса дәрігердің жұмыстан шығаратынын хабарлаған. Олар бұл жаңалықты естігенде төбемізден жай түскендай болғанын айтады. Ақ халаттылардың мәселесі қалай шешілмек?

Ақтөбедегі ең ірі медицина мекемесінің бірі саналатын нысанды алматылық компания үш жылға сенімгерлік басқаруға алған. Мұндағы қызметкерлердің көбіне жұмыстан шығарылатыны туралы хабарлама наурыз айында берілген. Дәрігерлер жаңа басшының түрін көрмек түгілі атын да білмейтінін айтады.

Гүлсім Балмаханова, невролог:

- Аяқ астынан қысқартуға тап болдық. Басшымыздың кім екенін білмейміз, аты-жөнін де білмейміз.

Медицина мекемесі негізінен теміржол саласы қызметкерлеріне қызмет көрсетеді. Қысқартуға ұшыраған мамандарға басшылық 0,25 және жарты жүктемемен ғана жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі деген. Алайда, он, жиырма жылдық еңбек өтілі бар дәрігерлер бұл талаппен келіспей отыр. Ең сорақысы, емдеу мекемесін басқарып отырған маманның медицинаға түк қатысы жоқ екен.

Жаңа басшылық дәрігерлердің қысқаруына жұмыс көлемінің азаюы себеп болғанын айтады. Яғни, мекеме теміржол қызметкерлерін медициналық комиссиядан өткізу жөніндегі тендерге қатыса алмай қалған. Дегенмен, басшылық мәселенің өткен түнде ғана нақты шешілгенін айтып, тілшілерді ғана емес, дәрігерлерді де таң-тамаша қылды.

Марат Өтегенов, құрылтайшы:

- Мәселе кеше түнде шешілді. Ешкімді жұмыстан босатпаймыз

Алайда, дәрігерлердің көкейінде әлі де күмән бар. Олар мәселеміз түбейгейлі шешілмесе, қайта қарсылық білдіруге дайынбыз деп отыр. Ал, аурухананы жеке сенімгерлік басқаруға алған компания мекемеге 500 миллион теңгеге жуық қаржы салған. Бірақ ол қаржы жыртықтың бәрін бірдей жамауға жетпейтінін мойындайды.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу