Теміржол ауруханасының жұмысы тоқтатылуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміржол ауруханасының жұмысы тоқтатылуы керек

01.11.2019

Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық теміржол ауруханасының жұмысы тоқтатылуы керек. Өйткені, апатты жағдайдағы нысанда санитарлық талаптар бұзылған. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті биыл тамыз айында ауруханаға тексеру жүргізген. Көптеген кемшілік анықталды. Осыған байланысты емдеу мекемесінің жұмысын тоқтату туралы сотқа арыз жолданды.

Ауруханаға екі мәрте тексеру жүргізілді. Соның негізінде көп кемшілік анықталды. Ғимаратта басқасын айтпағанда қарапайым ғана дезинфекция жасауға, зарарсыздандыруға мүмкіндік жоқ.

Сәдуақас Байғабылов, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

Науқастарға белсенді туберкулез диагнозын қоюда санитарлық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізілмеген. Паразитологиялық зерттеу жүргізетін клиникалық зертхананың патогендіктің 1-4 топтарындағы микроағзалармен, гельминттермен жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Бұл жағдайлар аурухана ішінде түрлі жұқпалы ауруларды өршітуі мүмкін.

Ауруханаға 800 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Бұл — 2 миллион теңгеге жуық қаражат. Заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Бірақ жағдай әлі толық түзелмеген. Себебі клиникалық зертхана аурухананың ең апатты бөлігінде орналасқан. «Сондықтан кейбір мәселелерді шешу әзір мүмкін болмай тұр»,- дейді дәрігерлер.

Қуат Манабаев, Бас дәрігердің орынбасары:

Ғимараттың жөндеуге келетін бөлігінде қазір жұмыстар жүріп жатыр. Ол аяқталған соң зертхананы сонда көшіру көзделген еді. Бірақ жағдай өзгерді. Ескінің орнына жаңа аурухана салу жайы қаралуда. Біз оған қуаныштымыз. Бұл ауданға емдеу мекемесі аса қажет. Өйткені бұл — халық тығыз орналасқан аудан. Созылмалы аурулар, дерттің асқынған түрлері бойынша бізге қаралатын науқастар өте көп.

Аурухананың қабылдау бөліміне күніне 500-ге жуық науқас келеді. 600-ден астам қызметкер бар. Қызмет сапалы болғанымен, қабырғалар қақырап тұр, сылақ түсіп жатыр, еден шұрық-тесік.

Марат Досмағамбетов, емделуші:

Санузел, туалеттен бастап жататын жер нашар. Бәрі құлайын деп тұр. Кранның өзі бір істеп, бір істемейді. Бәрі ескі. Уақыты келді енді.

Сайлау Әбуов, емделуші:

Бәріне көрініп тұр, сыртынан да, ішінен де ескі екені.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

Ауруханадағы жедел сатының сиқы осы. Есігі әрең ашылып, әрең жабылады. Науқастарды қабаттан қабатқа осы лифтімен тасиды. Мұның өзі бір күн істесе, бірнеше күн істемейді.

Пайдалануға берілгелі қолдан қолға өтіп, ұзақ жылдар бойы қараусыз қалып тоқыраған емдеу орны былтыр ғана қалалық әкімдіктің коммуналдық меншігіне өтті. Соның негізінде жөндеу жұмыстарына қаражат бөлініп, ғимараттың кейбір бөлігі жаңартылуда. Бірақ онымен мәселе шешілмейді. Елорданы дамыту жөніндегі мәжілісте Мемлекет басшысы қала басшылығына, денсаулық сақтау министрлігіне тапсырма берді. Жаңа аурухана салынады. Осы орайда қазір жұмыстар жүріп жатыр.

 Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу