Алматы облысының Кербұлақ ауданында көпбалалы отбасыға баспана тарту етілді

19.03.2019

Алматы облысы Кербұлақ ауданында алты балалы ана әз-Наурызды жаңа шаңырақта қарсы алатын болды. Баспанаға мұқтаж жандарға өңір кәсіпкерлері қол ұшын созды. Өз ауылдарынан үй сатып әперіп, қамқорлықтарына алды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға мереке қарсаңында киім-кешек, азық-түлік және қосымша отын-көмірмен көмек бермек.

Шашу жинап жатқан кішкентай Жібектің арманы орындалды. Ол өзінің әпке-сіңлілерімен енді өз бөлмелерінде тұратын болады. Жалғыз басты анаға аудандағы цемент зауыты директорының орынбасары қол ұшын берді. Осы күнге дейін отбасы ағайын-туыстарын паналап келген.

Жібек Молдаш, 4-сынып оқушысы:

- Өзіміздің үлкен үй болса деп армандайтынмын. Қазір, міне, өзімізде үлкен үй бар. Қатты қуанып тұрмын. Жазда есік алдына гүл отырғызамыз. Өзіміздің бөлмелеріміз болады.

Ал, Қоғалы ауылының тұрғыны Айгүл Ешпаева - 6 баланың анасы. Кенжесі әлі бірге де толған жоқ. Ауылда ұсынылған баспаналардан өзіне жайлысын таңдап алыпты. Жеке шаңыраққа ие болу қуанышын мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар еселеп жіберді.

Айгүл Ешпаева, Қоғалы ауылының тұрғыны:

- Бұрын 10-10,5 мың алатынмын. Қазір енді жәрдемақы көбейеді дейді. Соған қуанып жатырмыз.

Бір ғана Кербұлақ ауданында 2100-ден астам көпбалалы отбасы тіркелген. Үй кезегінде тұрған аналар саны 100-ге жуық. Әрине, бәріне бірден көмектесу мүмкін емес. «Бірақ жұмыла көтеріп, аналардың ауыр жүгін жеңілдетеміз»,-дейді кәсіпкер Қайрат Бекеев.

Алдағы уақытта Алматы облысында көпбалалы аналарға екі 60 пәтерлік үй салыну жоспарланып отыр. Сондай-ақ Талдықорған қаласында бой көтеріп келе жатқан коттеджді қалашықтың бір көшесі көпбалалы отбасыларға бөлінеді деген жоспар бар.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу