Ағаш кесуге тыйым салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ағаш кесуге тыйым салынды

11.03.2019

Ақтөбеде тұрғындар қарсылығынан кейін өзен маңындағы ағаштарды отауға тыйым салынды. Арналарды кеңейту жұмыстарын атқарып жатқан мердігер мекемелер енді мүмкіндігінше әр бұтаны айналып өтулері тиіс. Себебі бұған дейін тұрғындар демалып келген көрікті жерлер қу тақырға айналған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Жағалауда тұратын халық атқарылып жатқан жұмыстардың пайдасынан зияны көп деп отыр. Бұл жердегі мыңдаған ағаш оталып, бұлақтардың көзі бітеліп қалған.

Тұрғындар осылайша кеңейту жұмыстарын қажет етпейтін арналардың да қопарылып жатқанына наразы. Мәселен, Бұтақ өзенінің жағасында тұратындар енді арнада су қалмайтындықтан, айналаның сұрқы қашатынына қапалы. Одан бөлек жаз мезгілінде бақшаға қажетті су болмайды.

Наталья Мальцева, қала тұрғыны:

- Мен мұны көргенде жылап жібердім. Масқара ғой. Жергілікті тұрғындардың, саяжай иелерінің пікірімен ешкім санасып жатқан жоқ. Өзенге дейін жалғанған құбырларымызды алып кеткен. Бәрінен бұрын табиғатқа қиянат жасалынып жатыр. Осыны тоқтатса екен дейімз.

Өзен арнасындағы жұмыс бүгін де қызып жатыр. Жағалау кесілген ағаш діңгектерінен әлі толық тазартылмаған. Аты-жөнін айтудан бас тартқан мердігер мекеме өкілі «Біз өзімізге тапсырылған жұмысты барынша орындадық», - дейді.

Жоба бойынша 18 гектар аумақтағы 970 текше метр ағаш оталуы тиіс болған. Осы уақытқа дейін оның қаншасы тамырымен жұлынып тасталғаны есептелмепті. Қала әкімдігінің өкілдері «тұрғындардың уәжін барынша ескереміз»,-дейді. Енді өзен арналарын кеңейтіп жатқан мекемелер бірде-бір ағашты себепсіз кеспейтін болды.

Ибраим Көзбаев, қала әкімінің орынбасары:

- Талдарды кесу жұмыстарын қазір облыс әкімінің тапсырмасымен қайта қарап жатырмыз. Енді жағада өскендерге тиіспейді, бірақ өзен арнасының ішінде орналасқандар бар, оны алмасқа амал жоқ.

Арналарды кеңейтіп, ағаштарды кесу жұмыстарына республикалық бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоспар бойынша жалпы ұзындығы 180 шақырым болатын 8 өзеннің аумағын қамту көзделіп отыр. Мердігер мекемелер бұған дейін өздері отаған ағаштардың орнына жаңа көшеттер отырғызуға міндеттелді.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу