Бұл Елбасы тапсырмасы. Съезде айтылған ақжолтай жаңалықты өңірдегі тұрғындар да қуана қабылдады. Соның ішінде денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің табысы еселенбек.
Нұржанар – жалақысы аз жас мамандардың бірі. Емханада қызмет еткеніне 5 жыл болған. Медициналық бағдарламаларға мәлімет енгізеді. Цифрландыруға сай оның жұмыс жүктемесі де артқан.
Нұржанар Темірханова, оператор:
- Бұрын 34 мыңдай ақша алатын едік. Енді қазір жалақымыз – 49 мың теңге. 1 шілдеден бастап тағы өсейін деп жатыр жалақымыз. Өте қуаныштымыз. Жақсы жұмысым. Өзіме ұнайды.
Өңірде жаңа жылдан бастап медициналық кіші қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті. «Енді жазда тағы үстемақы қосылса, тұрмысымыз түзелер еді», дейді зейнет жасына таяған жұмысшы.
Сәуле Иманғалиева, тазалықшы:
- Бұрынғы жалақыға қарағанда, қазіргі табысымыз кішкене көтерілді. Бұрын 38 155 алдық, қазір 48 865 аламыз. Табысымыз көбейді, соған ризамыз. Шілдеден бастап тағы да қосылайын деп жатыр, оған да қуаныштымыз.
Облыс бойынша денсаулық сақтау саласында 5 мыңға жуық қызметкердің жалақысы өседі. Әсіресе, жүргізуші, электрик, сантехник, тазалықшы секілді техникалық қызметкерлердің табысы артады.
Нұрдәулет Чапаев, жүргізуші:
- Қаңтар айынан бастап жалақымыз өсті. Бұрын 41 мыңдай алатын едік, қазір 50 мыңға жақындады. Жақсы жұмыс істесең, тағы қосып береді. Учаскелік дәрігерлермен жүреміз. Арасында емханаларға қан тасимыз.
Ал жалпы ел бойынша 225 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысы өседі.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Мейірбикенің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мыңға дейін көтеріледі. Ал, кіші медициналық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мыңға артады. Оған қоса, жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаятын болады.
Жұмысшылар жалақысының өсуі өз кезегінде қызмет сапасының артуына да сеп болары анық.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ