Ел жаңалықтарына шолу
Бірқатар қалада азық-түлік бағасы арзандады
Еліміздің бірқатар қаласында азық-түлік бағасы арзандады. Құны төмендеген өнімдер арасында көкөністен тартып етке дейін бар. Баспанаға сұраныс артты. Биыл тұрғын үй құрылысына қыруар қаражат бөлінді. Елдегі сот сараптамасы жүргізу тәртібі өзгерді.
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бірқатар қалада төмендеді. 23 қыркүйектегі жағдай бойынша, бір аптада пияз 4,3 пайызға, сәбіз 2,8 пайызға, алма 2,5 пайызға арзандаған. Сондай-ақ қияр, картоп, қант, тауық еті мен сүйекті сиыр етінің бағасы төмендеді.
Тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге инвестиция салынды
Қазақстанда биыл тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге инвестиция бағытталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға көп. Қаржының басым бөлігі, яғни 2,3 трлн теңгесі жеке тұлғалардың қаражаты. Ал мемлекеттік бюджеттен 104 млрд теңге бөлінген. 8 айда елде 11,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сот сараптамасын жүргізу тәртібі өзгерді
Елде сот сараптамасын жүргізу тәртібі өзгерді. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап сараптама тағайындау туралы қаулылар мен материалдар бірыңғай цифрлық жүйе арқылы жіберіледі. Қажетті нысандар мен материалдар 10 жұмыс күні ішінде ұсынылмаса, өтініш автоматты түрде орындалмай қайтарылады. Сараптама жүргізу мерзімі 30 тәуліктен аспауға тиіс. Ал қайта сараптама комиссия арқылы жүргізіліп, оған алдыңғы сараптаманың қорытындысы міндетті түрде ұсынылады.
Курчатов ғылыми қалашыққа айналады
Келер жылы Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру жоспарланып отыр. Қалада ядролық инженерия орталығы мен басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамыту жөніндегі халықаралық орталық құрылады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, атом саласына мамандар даярланады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы