«Qazaq radiolary» ұйымдастырған «Мың алғыс» концертінде 3 отбасыға пәтер кілті табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaq radiolary» ұйымдастырған «Мың алғыс» концертінде 3 отбасыға пәтер кілті табысталды

01.03.2019

«Qazaq radiolary» ЖШС бастамасымен жүзеге асырылған «Мың алғыс» бағдарламасы аясында екі жылда 56 миллион теңге жиналды. Қаржының барлығы қайырымдылыққа жұмсалды. Игілікті жоба Алғыс айту күнінде биыл да жалғасын тапты.

Әділет үш жаста. Сәбидің ішектерін жедел ауыстыру қажет. Дертінің дауасы бар. Оған шетелдік дәрігерлер септесе алады. Тек Әділеттің жүгіріп кетуі теңгенің таразысына байланып тұр. Ал, баланың ата-анасында емге берер қомақты қаражат жоқ. Бірақ жанашыр жандар балақайды тағдырдың тәлкегіне қалдырмады. Ауқымды «Мың алғыс» атты шара ұйымдастырды. Бұл кештің басты кейіпкері – 3 жастағы Әділет.

Кешке келгендердің санында есеп болмады. Көрерменнің бәрінің ниеті бір. Ол - балақайдың сауығып кетуіне сәл де болсын қол ұшын созу.

2017 жылы «Жан жылуы» деген атпен эфирге шыққан «Мың алғыс» радиохабары арқылы кейіпкерлерге осы уақытқа дейін 56000000 теңге көлемінде көмек көрсетілген.

Бақытгүл Сапарғалиқызы, Ақмола облысының тұрғыны:

- Тұрмысқа шыққалы 15 жыл болды. Сол кезден бері пәтер жалдап тұрамын. Бар арманым – өзіміздің үйіміз болса, сол үйден басқа арман жоқ.

Жанашыр жандар ананың да арманын шындыққа айналдыра білді. «Мың алғыс» қайрымдылық шарасында радиохабардың үш бірдей кейіпкеріне «Қарекет» қоры баспана кілтін табыстады.

Жақсылықтың жаршысы болу мұқтаж жандарға көмекпен ғана өлшенбейді. Бір-бірінен көз жазып қалған, жақындарын жоғалтқандарды да табыстыру ұлт радиосының парызына айналғандай. Бұл ретте, «Бармысың, бауырым?» радиохабары арқылы 703 кісі бір-бірімен хат-хабар алысып, 90 адам анықталып, табысқан.

Теңіз тамшыдан құралады. Концерт соңында жәшікке көрермендерден қомақты қаржы жиналды. Ұлттың үнжариясына айналған «Qazaq radiolary» осылайша, жақсылыққа жаршы боп, мұқтаж жандардың сәулелі үмітін өшірмеді.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу