Шығыс ертегілерінің кейіпкерлері Астанаға келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс ертегілерінің кейіпкерлері Астанаға келді

15.01.2019

Оларды Мүсіншілердің халықаралық байқауына қатысып жатқан шеберлер әкелді. Қазақстан, Ресей, Қытай елдерінен келген 14 команда таңғажайып ертегілер стиліндегі жұмыстарын әзірлеуде. Жеңімпаздар ертең анықталады.

Болатбек Салаев - мүсінші. Қазір Астанада өздеріңіз көріп жүрген мұз мүсіндердің басым бөлігі осы жігіттің қолынан шыққан. Бүгінгі жарысқа да ерекше дайындықпен келді. Себебі, Болатбек бұл мүсінге бір күндік жұмыс деп қарамайды. Бас қаланың қақ ортасында көпшіліктің көзайымы болатындығы жауапкершілікті еселеді.

Болатбек Салаев, мүсінші:

- Әрине, мұның да қиындығы бар. Саз сияқты қайта-қайта жөндеуге келмейді. Бір шапқаның, қойғаның солай қалады. Кәдімгідей тоңасың. Суық өтіп кетеді. Бірақ, шыдайсың. Әдемі шыққан сайын содан рахат аласың, шабыттанасың. Суықты ұмытып кетесің.

Қатысушыларға қойылған басты талап: мүсіндері «Шығыс ертегісі, Астананың 101 түні» тақырыбына сай болуы керек. 14 топқа 40 шаршы метрден астам мұз әкелінген. Әр командада 3 шебер. Жұмыстың толық аяқталуына бас аяғы 4 күн уақыт берілген.

Жамал Әбікенова, Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің жетекшісі:

- Біз бас жүлде және 1-2-3 орын иегерлерін анықтаймыз. Қазірдің өзінде мүсіндердің керемет шығып жатқандығын көріп отырмыз. Енді бұлардың барлығы елорда тұрғындары мен қонақтарының көзайымы болатынына сенімдімін.

Әр топтың ерекше еңбегін ескеріп, барлығын бағалы сыйлықпен марапаттау жоспарланып отыр. Ал, мүсіндер көктемде күн жылығанша осы ботаникалық бақтың сәнін келтіріп тұрады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Менің осы түсірілімде жүргеніме шамамен 1 сағаттай уақыт болды. Қолдарым қатып қалды. Икемге дұрыс келмейді. Бір оғаш қимыл бірнеше күндік еңбекті жоққа шығаруы мүмкін. Қиратып тастайды. Ал, сіздер осы жерде таңнан кешке дейін мұзбен жұмыс істеп жүрген мүсіншілердің жағдайын елестетіп көріңіз. Сондықтан, бұл жердегі әрбір мүсіншінің жұмысын жеңімпаз жұмысына лайық деп бағалауға әбден болады.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу