Басты Жаңалықтар Қостанай облысында көпбалалы отбасыларға сүт өнімдері тегін беріледі

Қостанай облысында көпбалалы отбасыларға сүт өнімдері тегін беріледі

Бұл игі іске мұрындық болған «Жастар жобасы» бойынша қайтарымсыз қаржы алып, жұмысын бастаған жас кәсіпкерлер. Биыл облыста мыңнан астам адамды қамтыған 145 жоба жүзеге асқан. Оларға қойылатын басты талап – 6 айға дейін тұрғындарға тегін қызмет көрсету.

Аманкелді Қоянбаев өзге екі серіктесімен бірге «Жастар жобасына» сүт өнімдерін өндіру жобасын ұсынған. Соған сәйкес, оларға 1 млн. теңге қайтарымсыз қаржы берілді. Бұл ақшаға 2 сиыр, жем-шөп және өзге де қажетті құрал-саймандарын сатып алды. Жас кәсіпкерлер өз жұмыстарын бастаған күннен көпбалалы бес отбасыға өнімдерін тегін жеткізіп беруге міндеттелген. Солардың бірі - Айнаш Нұрғалиеваның отбасы. Бұл үйде кәмелеттік жасқа толмаған 5 бала бар.

Айнаш Нұрғалиева, көпбалалы ана:

- Бізге қаймақ, май, құрт, айран әкеліп тұрады. Әжептәуір көмек. Балаларға көп рахмет!

Тұрғындарға тегін қызмет көрсеткенімен, жобаға қатысушыларға 6 ай бойы шәкіртақы төленеді. Оның көлемі - орта және арнаулы орта білімділерге 40 мың, жоғары білімділерге 60 мың теңге. 6 айдан кейін алған мүлік жобаға қатысушының өзінде қалады.

Аманкелді Қоянбаев, «Жастар жобасына» қатысушы:

- Жоба біткесін «Бизнес бастау» курсында оқып, «Атамекенге» бизнес жоспар тапсырып, мал өсіруге несие алуды ойлап жүрмін.

Бұл - халықаралық жоба. Оған 14 және 29 жас аралығындағы кез келген адам қатыса алады. Былтыр Қазақстанның 4 облысын қамтыған. Биыл 6 облыста жүзеге асып отыр. Басты мақсат – әлеуметтік жауапкершілік жүктей отырып, жастарды кәсіпкерлікке баулу.

Ерлан Төлетаев, «Жастар жобасының» Қостанай облысы бойынша басшысы:

- Біз, әсіресе, шалғай елді мекендерде тұратын, белгілі бір мамандығы жоқ жастарға мүмкіндік беріп отырмыз. Олар осы жобаға қатысуы арқылы кәсіпкерлік әліппесімен танысады. Іскерлікті үйренеді.

Облыста жүзеге асқан 145 жобаға 136 млн. теңге бөлінген. Тағы осындай қаржы жобаға қатысушыларға шәкіртақы төлеуге жұмсалады. Игі бастама алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу