Басты Жаңалықтар Маңғыстауда ірі құрылыс жобалары жүзеге асады

Маңғыстауда ірі құрылыс жобалары жүзеге асады

Маңғыстауда «Халықтық құрылыс жылы» аясында ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асады. Атап айтқанда, Кендірлі әуежайының құрылысы аяқталып, жаңа теңіз портын салынады. Сонымен қатар көлік-логистикалық инфрақұрылым дамып, бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтереді. Бұдан бөлек, өңірдегі инженерлік желілер де кезең-кезеңімен жаңартылады. Бұл жоспарлар облыстық актив отырысында талқыланды.

Өңірде келесі жылы жүзеге асуы мүмкін жобалардың ауқымы кең. Білім беру, денсаулық сақтау, спорт және көлік-логистика салаларындағы бастамаларға басымдық берілген. Қазір облыстан жалпы құны 509 миллиард теңгеге дейінгі жобалар ұсынылып отыр. Оның ішінде көпбейінді балалар ауруханасы мен оңалту орталығын салу, орталық стадион құрылысын жалғастыру мәселелері бар. Сондай-ақ Өзбекстан шекарасында еркін сауда-логистикалық орталығын ашу жоспары да қарастырылып жатыр.

Бекмұрат Жүсіп, Маңғыстау облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы:

Біздің Маңғыстау облысы негізі Каспий теңізі арқылы Европаға шығатын дәліз. Қытай мемлекетімен екі ортада жүк тасымалдауға біздің қазір көлік логистикалық мүмкіндігіміз өте жоғары болып тұр. Дер кезінде осы мүмкіндікті біз пайдаланып, жақсы инфраструктура жасайтын болсақ, онда болашақта логистикалық транспорттық түсетін қаражат біздің Қазақстанда соның ішінде біздің Маңғыстауда қалу мүмкіндігі өте жоғары. 

Қолданыстағы инженерлік желілерді жаңарту да күн тәртібінде. Ақтауда жылу құбырлары кезең-кезеңімен ауыстырылып, солтүстік бағыттағы шағын аудандарды жылумен қамту үшін жаңа қазандық салынып жатыр. Ал сумен жабдықтау саласында құны 145 миллиард теңге болатын төрт ірі жоба ұсынылған. Соның бірі - «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 100 мың текше метрге дейін жеткізу көзделген.

Бердібек Қартбаев, Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

Ақтау қаласында ең үлкен мәселе - бұл ашық жүйеге байланысты кейбір тұрғындар арасында ыстық судың сапасына қатысты сұрақтар көп туындайды. Бұл жерде 4  құбырлы жүйеге өтіп жатырмыз. Ыстық су бөлек, жылу бөлек болады. Бұл атап өткен мәселені толықтай шешуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, келесі жылы Мұнайлы ауданының Бесшоқы және Жаңа Дәулет ауылдарында 1 200 орындық мектептер салынады. Ал Бейнеу ауылында емхана, Сайын Шапағатов ауылында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының құрылыстары басталады.

Бөлісу