
«Біз бандамыз» деп әріптестерін Жаңа жылмен құттықтаған қарағандылық полиция қызметкері жұмысынан қуылды. Оның әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен видеосы онсыз да сынға жиі ұшырап жүрген Ішкі істер саласының беделіне нұқсан келтірді.
Қарапайым офицер бір сәтте желі жұлдызына айналып шыға келді. Бүгінде Тастайбековты танымайтын қазақстандық кемде-кем. Оның Жаңа жыл түні жолдаған құттықтауы – мастық па, жастық па, әлде, бұл полицейдің шынайы тұлғасы ма, оны дөп басып айту қиын.
Басшысы «Бандамыз» десе, «Ура! Ура!» деп ұрандатқан курсанттарға не деп кінә тағуға болады?! Ең сорақысы бұл емес. «Шекпен тағып шікірейген шендінің 7-ұрпағымызға дейінгі үрім-бұтағымыз біздің «байланыстардың» игілігін көрсін», деп, кеудесін керуі бұл енді шынымен қорқынышты.
Тастайбековтың 40 секундтық сөзі 40 жыл отанына адал қызмет еткен мыңдаған офицердің абыройын бір сәтте аяқасты етті. 10 пәленің тоғызы тілден. Әдемі, әсерлі құттықтау жолдаймын деген полицейдің мысалы осы сөзге дәлел. Бұл бір. Екіншіден, біздің полицейлердің көбінде ұлттық мүдде, мемлекетшіл мінез аз. Өйтпесе, орыс сериалының жұлдызын әспеттеп, пір тұтатындай ол кім деген сауалдың қойылуы заңды.
Әлеуметтік желі әлеуметтің ішіндегі буырқанған буын шығаратын жерге айналғалы қашан. Тасада тұрып, көлік тоқтатып, айыппұл жазған полицейлердің қылығы бүгін желіні жарды. Кадр сыртындағы дауыс Қазақ қоғамының полицейлерге деген сенімінің шынайы өлшемі болып тұрғандай.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
