Басты Жаңалықтар Жыл қаһармандары. Биыл халық көзсіз ерліктерге бірнеше мәрте куә болды

Жыл қаһармандары. Биыл халық көзсіз ерліктерге бірнеше мәрте куә болды

Оттан да, судан да қаймықпай, адам жанына араша түсу екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Бірақ, бас амандығына алаңдамай батылдыққа баратын азаматтар арамызда аз емес. Биыл сондай көзсіз ерліктерге халқымыз бірнеше мәрте куә болды. Олардың қайсарлығының арқасында аналар мен балалар Жаңа жылды аман-есен қарсы алмақ. Ендеше сол ерлерді еске түсірейік.

Қызыл жалынның құрбанына айналудан бір отбасыны аман алып қалған құрылысшылардың ерлігі естеріңізде шығар?! Міне, олар. Руслан Жалбақов, Жасұлан Байсейітов, Ақылбек Жақайымов, Руслан Беріков және Әділбек Дағыстан. Аптал азаматтар «Nova City» тұрғын үй кешенінен өрт шыққанда жақын жерден табылыпты. Шарасыз күйдегі үш бала мен олардың анасын 7-қабаттағы көк түтін арасынан шығарған. Құрылысшылар өз бетінше жоғары өрмелеп әрекет етті. Нәтижесінде бәрі дін аман.

Құтқарушылар құрметке бөленді. Өздері қызмет ететін компания бастап, әкімдік қостап, тіпті «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгілері тағылды. Алайда, олар мақтау мен марапатқа мұқтаж емес. Тек көпшіліктің көңілі солай болды.

Халықтан алғыс алған тағы бір азамат – астаналық Артем Карев. Ол 10-қабаттан құлап бара жатқан баланы қағып алып, құтқарып қалды.

Оқиға желісі мынадай. Үйде жалғыз қалған 6 жасар бала сыртта ойнағысы келген. Тек есіктен емес, терезеден шықпақшы болыпты. Сол сәтте Артем көшедегі шуды естіп, айналасына қараса жоғарғы қабатта терезе жақтауына асылып тұрған жеткіншекті көреді. Содан құшағын ашып құтқарып қалған.

Келесі күні батыл жігітке қала әкімі 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Артем қаражатты қайырымдылыққа жұмсады.

Ал, тамызда Семейлік грек-рим күресінің бапкері Ержан Амарханов Новосібірге бет алған автобус жолаушыларын өрттен аман алып қалды. Ол онда көлік алу үшін сапарға шыққан. Бірақ, жолда төтенше жағдай болып, көпшілік қалың ұйқыда жатқанда көлікте будақтаған түтінді көріп дереу көмек көрсетті. Абырой болғанда адамдарға еш зақым келмеді. Ал, автобус толық жанып кетті.   

Бұл достар балық аулауға барып бастарын бәйгеге тікті. Жалғас Ыбырайым мен Ринат Нұрғалиев көпірден өзенге секіріп кеткен қыздың өміріне араша түсті. Қарашаның қара суығына қарамастан, жігіттер әупірімдеп жүріп бойжеткенді жағаға шығарды. Сөйтіп, электр монтері мен күзетші ойламаған жерден батырға айналды. Олар биыл «Жыл адамын» анықтауға арналған салтанатты шарада «Ерлігі үшін» аталымына ие болды.

Көзсіз ерлік көрсетіп, елді сүйсіндірген азаматтар жетерлік. Біз тек биылдың батырларын атап шықтық. Әрине, қалыс қалғандар бар шығар. Алайда, олардың қайсарлығы халық жадында. 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу