Басты Жаңалықтар Жылыойға баратын туристер саны артып келеді

Жылыойға баратын туристер саны артып келеді

Атырау өңірінде туризм саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе тарихи-мәдени мұраларға қызығушылық танытқан туристердің қатары артып отыр. Соның бірі – Жылыой ауданындағы киелі Ақмешіт қорымы. Бұдан бөлек елімізде екінші алтын адам табылған Аралтөбе қорғанында ашық аспан астында музей-композиясы да келушілерді қызықтырып отыр. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт тарихтан сыр шертетін мекендерді аралап қайтты.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Тарихы терең, тағылымы мол Ақмешіт қорымына келушілердің қатары жыл санап артып келеді. Мұнда келетін туристерді бұрын жол азабы қынжылтатын. Енді туристік әлеуетті арттыру мақсатында биыл мұнда 34 шақырым тақтайдай тегіс асфальт төселді.

Ақмешіт – ағартушы, абыз-көреген, сәулетші Бекет Мырзағұлұлының туып өскен жері. Халық оны айрықша қадірлеп, әулие тұтқан. Ол  1771-1774 жылдары осында тұңғыш жер асты мешітін салдырып, бала оқытқан. Кейін бұл жер 1998 жылы қайта жаңғыртылып, көпшілік зиярат ететін киелі мекенге айналды.

Мейрамбай Шаңдыұлы, шырақшы:

Жол жақсарып, халық келуі көбейіп жатыр. Бұрын үлкен көліктер болмаса, басқалары келе алмайтын еді. Халық рақметін айтып жатыр. Атаға келушілер өте разы боп жатыр.

Ұзындығы 34,8 шақырым болатын жолдың құрылысына 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Қазір негізгі жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді.

 Бекет Бозжігітов, Жылыой ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Түйе малдары жол белгілеріне сүйкеніп, құлатып кету көріністері орын алып жатыр. Оларды шешеміз. Басқа ешқандай мәселе жоқ.

Ақмешітке барар жол бойында еліміздегі екінші «Алтын адам» табылған Аралтөбе қорғаны бар. 25 жыл бойы ашық аспан астында жатқан тарихи аумақта елімізде теңдесі жоқ музей-композиция бой көтерді. Мұнда сарматтардың жерлеу ғұрпы, бейітті қалай тұрғызғаны, темір мен алтынды қалай игергені анық көрсетілген.

Әлібек Науаров, Жылыой ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Қорғандар топтары өздері бөлінеді - мұртты, сәулелі деп. Сол бұл сәулелі қорғандардың бірі болғандықтан, 12 сәулесі шапағатын шашып тұрған үлкен бір сәулетті қорған болып қалпына келтірілді. Осындай үлкен жобалардың жүзеге асырылуы - ауданда туристік әлеуетін арттырудың айқын басым бағыттардың бірі деп есептейміз.

Бірі – талай тарихтың куәсі болған киелі мекен, екіншісі – сармат дәуірінен сыр шертетін құнды мұра. Бүгінде Ақмешіт пен Аралтөбе тек өткеннің ескерткіші емес, келешек ұрпаққа аманат етілген рухани қазынаға айналып отыр.

Бөлісу