Шығыс Қазақстанда шаруа қожалықтары мал басын асылдандырып, сапалы ет өндіру бағытында нәтижелі жұмыс істеуде. Қажырлы еңбек мемлекет тарапынан да көрсетілген көмектің арқасында жемісін беріп келеді. Мысалы, аймақта «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы етті мал шаруашылығын дамытуға 2,3 миллиард теңге қаралған. Өңірдегі 56 қожалық осы жеңілдетілген несие қаржысына шетелден асыл тұқымды мал сатып алмақ.
Шығыстың шаруаларына қазір толықтырылған «Сыбаға» бағдарламасы үлкен жәрдем болып тұр. Тек, Жарма ауданында 4 қожалық асыл тұқымды мал сатып алған. Солардың бірі Елена Закимоваға тиесілі. Ол таяуда аграрлық секторға бағытталған несие қаржысына Ресейдің Алтай аймағынан қазақтың ақ бас сиырларын әкелген.
Еленаның кәсіпкерлік саласында тәжірибесі мол. Үш жылдан бері мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген оның ендігі көздегені – төрт түліктің сапасын жақсартып, өнімділігін арттыру. «Осы ретте «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілетін несие - шаруаларға өте тиімді», дейді іскер әйел.
Елена Закимова, қожалық басшысы:
- 10 пайызын мемлекет субсидия арқылы төлейді, 4 пайызын өзіміз төлейміз. Малдың басын көбейтейік деп алып отырмыз.
Бүгінде ШҚО-да 56 қожалық «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын көріп отыр. Оларға жалпы сомасы 1,7 миллиард теңге жеңілдетілген несие берілген. Бұл қаржыға жергілікті фермерлер шет елден 3 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара әкелмек.
Данияр Үсіпбеков, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның филиал директоры:
- Бұл бағдарлама бойынша 15 жылға дейін несие алуға болады. 82 миллион теңгеге дейін. Негізгі борышын және пайызын өтеуге 2 жыл біз демалыс береміз. Одан кейін алатын несиенің 25 пайызын жылжымайтын, жылжымалы мүлікпен кепілдендіру керек. Қалған 75 пайызына біз импорттық жолмен келген асыл тұқымды малды кепілге аламыз.
«Қолдау болса, қорадағы мал басын көбейтуге толық мүмкіндік бар», дейді шаруалар. Жалпы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Сыбаға» бағдарламасымен республика бойынша барлығы 744 шаруашылықты қаржыландырған. Оларға төмен пайызбен берілген несиенің жалпы көлемі 15 миллиард теңгеден асады.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.