Грант бөлінген ғылыми жобалар жабылып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грант бөлінген ғылыми жобалар жабылып қалған

27.12.2018

Білім және ғылым министрлігі шетелден қарыз аларда дұрыс жоспарламайды. Ғылыми жаңалықтарды коммерциялау үшін алынған 18 миллион АҚШ доллары жаратылмай босқа тұр. Ал, шетел валютасымен алынған бұл қаржыны мемлекет төлеп отыр. Бұл туралы бүгін Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова айтты. Есеп комитеті бюджеттен ғылым саласына бөлінген қаржыға мемлекеттік аудит жүргізген. Белгілі болғандай, 623 миллион теңге дұрыс жаратылмаған. Сондай-ақ, қайтарымсыз қаржы бөлінген талай ғылыми жоба жабылып қалған.

Наталья Годунова, ҚР Бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы:

- 9 ғылыми жобаға грантты қаржыландыру жасалып, олар жүзеге аспай қалған. Оған бөлінген бюджет қаржысы да қайтарылмаған. Ғылыми жаңалықтарды қаржыландыруға шетелден қарызға алынған 7 миллиард теңге пайдаланымай босқа тұр. Бұл - ратификацияланған қарыздар. Оны мемлекет төлеп жатыр. Қарыз алуға тапсырыс берерде дұрыс жоспарланбаған.

Білім және ғылым вице-министрі ғылыми жаңалықтарды қаржыландыруға шетелден қанша қарыз алғанын айтпады. Ал, есеп комитетінің сынына былай жауап берді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Біз өзіміздің ұстанымымызды айттық. Ол мемлекетің ақшасы. Оған немқұрайлы қарауға болмайды. Ақша бар деп, оның барлығын игеріп тастауға болмайды.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу