Астанадағы жылы аялдамалардың саны 100 ге жақындады. Оның басым көпшілігі бюджет қаржысына ашылса, кейінгілері инвесторлардың ақшасына салынған. Осындай кезекті аялдама бүгін астаналықтарға пайдалануға берілді. Оның басты ерекшелігі - дүкені мен дәретханасы бар.
Еш жерде жоқ аялдаманың таныстырылымына Есіл ауданының әкімі бастаған шенеуніктер мен журналистер жиналды. Аялдама жазда салқын, қыста жылы болмақ. Анау-мынау сатып алатын дүкені мен дәретханасы бар.
Төлеген Закариянов, Астана қаласы Есіл ауданының әкімі:
- Тазалау біздің мойнымызда. Қалғаны мына кісілердің мойнында.
Аялдама таңғы 6:00-ден кешкі 22:00-ге дейін ашық. Яғни, автобусты асықпай күтуге барлық жағдай жасалған. Инвестор АҚШ азаматы. Жоба құны елордадағы екі бөлмелі пәтермен пара-пар - 23 миллион теңге.
Инвестор:
- Жерді 10 жылға алдық. Жоспар бойынша инвестиция 10 жылда ақталады деп отырмыз. Әр аялдамада 4 жұмыс орны ашылады.
Инвестор кәсібімді кеңейтемін дейді. Келесі жылы осындай тағы елу орын ашпақшы. Астаналықтар да бұған дән риза. Тек тазалықты ұмытпаса екен дейді.
Қазір қалада 97 жылы аялдама бар. Оның 80-нен астамы қазына қаржысына салынған. Ал, қалған санаулысы кәсіпкерлердікі. Олардың коммерциялық бөлігі бар.
Дулат Абибуллаев, тілші:
- Қазір мұндай 15 аялдама бар. Олардың барлығы мемлекеттік және жекеменшік әріптестік әдісі арқылы салынған. Инвесторлардың көмегімен ашылған мұндай аялдамалар WI-FI желісімен және бейнеқабылаумен қамтамасыз етілген.
Астананың ауа райына арналған аялдамаларды ашу Экспо қарсаңында басталды. Әлі де 200 осындай орын салу жоспарда бар көрінеді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.