Ақмола облысында бизнесті дамытуда кедергі көп. Салдарынан аймақта кәсіпкерлік нысандары азайып кеткен. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жүргізген сараптама 2018 жылдың 10 айында өткен жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес нысандарының саны 16 пайызға кемігенін көрсетті.
«Стерх» ет өнімдерін шығаратын кәсіпорны Көкшетаудың іргесіндегі Красный Яр елді мекенінде орналасқан. Жұмысшылары да осы кенттің тұрғындары. Алайда, биыл серіктестік заңды мекенжайын өзгерткен. Қазір ет өңдеу зауыты Солтүстік Қазақстан облысында тіркеуде тұр. Өйткені, істі ілгерілету қиындап кеткен.
Виктор Куляс, «Стерх» ЖШС директоры:
- Біздің кәсіпорынға Мемлекеттік кірістер департаменті қосымша 48 миллион теңге салық төлеуге тиістіміз деген шешім шығарды. Оған бірқатар келісімшарттың іс жүзінде орындалмағаны себеп дейді. Біз оны негізсіз деп есептейміз, келіспейміз. Осыдан басқа да жағдайларды ескеріп, Солтүстік Қазақстан облысына ауыстық.
Ал, кәсіпкер Серік Құдияров жеміс-жидек, көкеніс сатумен айналысады. Дүкен ашу үшін қалалық әкімдіктен мамандар айтқан тәртіппен жер алады, қаржысын салады. Енді жергілікті билік жер телімі заңсыз берілді деп отыр.
Серік Құдияров, кәсіпкер:
- Біраз уақыт өткеннен кейін «болмайды, аукцион арқылы алу керек» деді. Аукционға да қатынасамын деп шағымдандым. Енді менен жерді алып қоймақшы. Бір қолмен беріп, бір қолмен алады.
Ақмола облысы кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлылық тұрғысынан рейтингте соңғы орында. «Бұл қазір аймақтағы бизнес ахуалдың нақты көрсеткіші», - дейді кәсіпкерлер.
Арман Тұрлыбеков, кәсіпкер:
- «Дуинг Бизнес» рейтингісі бойынша соңғы орында тұрмыз. Біздің облыста шынымен де жағдай қиын. Басты себеп - мемлекеттік органдардың іс-әрекеті. Мен жекелеген басқармаларды бөліп қарамаймын. Кәсіпкерлермен жұмыс істейтін барлық мекемелердің көзқарасы дұрыс емес деп ойлаймын.
Шыңғыс Теміров, облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
- Біз жүргізген сараптама нәтижесінде Ақмола облысындағы кәсіпкерлік нысандар саны өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға кемігенін байқадық. Салық салу мен жер мәселесі бірінші кезектегі проблемалар. Осы екеуі кәсіпкерлерге кедергі болуда.
Ал, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметі мүлдем кереғар. Керісінше, өңірде аз да болса өсім бар.
Сандуғаш Алшынбаева, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
- Біз мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы өңірдегі кәсіпкерлік нысандардың санын ұлғайтып жатырмыз. Облыста кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын және жылдамдығын арттыруға бағытталған шаралар қолданылуда. Экономикалық зерттеулер институтымен, Ұлттық экономика министрлігімен тығыз жұмыс істейміз.
Осылайша, мемлекеттік мекемелер салықтық түсімнің артып, экономиканың ілгері жылжуына қолбайлау болып отыр, дейді іскер топ өкілдері. Мәселен, былтыр Ақмола облысында 6,5 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан жұмысын тоқтатса, биыл қыркүйек айына дейін 4329 нысан жабылып қалды.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.