Қостанай облысында қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылды

26.12.2018

Қостанай облысында тұрмыс қалдықтарын сұрыптайтын зауыт ашылды. Алдағы меже – қоқысты толық өңдеп, одан тұрмысқа қажетті бұйымдар жасау. Бұл кәсіпорын өз жұмысын «Қалдықтарды бақылау» аймақтық бағдарламасы аясында бастап отыр. Бағдарламаның басты мақсаты – табиғатты ластанудан сақтау.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

- «Қалдықтарды бақылау» бағдарламасының бірінші кезеңі – қоқысты сұрыптау.  Бұған алдымен әрбір азамат атсалысуы тиіс. Мысалы, қазір көшедегі аялдаманың өзінде бірнеше қоқыс жәшігі тұр. Оның әрқайсысы әртүрлі заттарға арналған. Яғни, қолыңыздағы қалдықты сұрыптап, әрқайсысын өз ыдысына саласыз. Мысалы, пластик, қағаз, ал, мұнда шыныны тастау керек.

Алайда, тұрғындар тарапынан бұл талап көбіне орындала бермейді. Сондықтан, бағдарламаның бірінші кезеңінде қоқыс төгетін полигондарда өндірістік сұрыптау кешендерін салу белгіленген. Осындай алғашқы кәсіпорын Қостанай ауданында ашылды. Жоба құны - 300 млн. теңге. Әзірге жылдық қуаты 40 мың тонна қалдықты сұрыптауға жетеді.

Жандос Жақсыбаев, Қалдықтарды сұрыптау зауытының басшысы:

- Екінші кезеңде сұрыпталған қалдықты жуып-тазалайтын және ұнтақтайтын  құрылғы орнатылады. Яғни, қалдық қайта өңдеуге дайын шикізатқа айналады. Ал, үшінші кезеңде сол шикізат өңделіп, одан дайын бұйым жасалады.

Кәсіпорын басшысы алға қойған осы мақсатты келесі жылдың соңына дейін жүзеге асырамыз деп отыр. Әзірге зауытта 50 адам еңбек етеді. Толық қуатына енгенде 100-ден астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Облыс аумағында 306 қоқыс полигоны бар. Мамандардың айтуынша, соның 35 пайызы ғана талапқа сай.

Аманкелді Исмайлов, Қалдықтарды бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл бағдарлама бізге алға нақты мақсат қойып, жоспарлы түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында аймақтағы барлық қалдық төгетін орындарды заң талаптарына сай қалыпқа келтіреміз деп ойлаймын.

Бағдарлама 5 жылға есептелген. Оны жүзеге асыру табиғатты ластанудан сақтаудың сыртында жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға мүмкіндік береді. Яғни, әлеуметтік маңызы да зор.

Дәуренбек ӘБДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу