Ұлттық арна көмек қолын созған Әлима емін қабылдап, елге оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна көмек қолын созған Әлима емін қабылдап, елге оралды

24.12.2018

Қазақстанда 80 мыңға жуық баланың мүмкіндігі шектеулі. Ең қиыны, көбісінің жағдайы тым ауыр. Олардың ем-домына кететін қаржыны ата-аналарының қалтасы көтере бермейтіні рас. Алайда, біздің қоғамымыз қайырымдылыққа қашан да дайын. Оның айқын дәлелі – Әлима. Қатерлі ісікке шалдыққан сәбидің тағдырына алаңдамаған, қолұшын созбаған жан кемде-кем. Соның арқасында бүлдіршін ұзақ ем-домнан соң аман-есен елге оралды. Жалпы, Ұлттық арна осындай тағдырлы оқиғаларды көрсетіп, оған қамқорлық танытқан ізгі істерді дәріптеп, жомарт жандар мен мұқтаждарды табыстырып келеді. Солардың биылғы нәтижелерінің бірқатарына тоқталып өтуді жөн көрдік.

Бұл Әлиманың осыдан жарты жыл бұрынғы жағдайы. 1 жастан енді асқанда ағзасынан қатерлі ісік анықталды. Әлемнің ең озық медициналық мекемелеріне шұғыл жеткізіліп, 9 ай бойы ем қабылдады. Операция жасалды, 6 рет химия алды.

Ал, қазір Әлима елге жеңіспен оралды. Оның олжасы өнер де емес, спорт та емес. Ол – ауыр дертті жеңген күрескер сәби. Ол жүздеген, тіпті мыңдаған адамды қайырымдылыққа шақырған, сол мейірімнің шапағатын сездірген батыр балғын. Бүгін ол екіге толған күнін Отанында, отбасында дін-аман тойлап жатыр. Ізгіліктің есесі қайтпай қоймайды. Қайырымдылықтың қарымтасы деген осы шығар.

Айжан Көпей, Әлиманың анасы:

- Қазір баланың жағдайы жақсы. Қолымда тыныш қана ұйықтап жатыр, соған бақыттымыз. Ең бастысы, қазақ халқына рахмет. Бізге үлкен қолдау көрсетті. Қиын уақытта бізді қалдырмай, қолұшын беріп, қасымызда болғанына біз үлкен алғысымызды білдіреміз. Қазіргі уақытта бала өзін жақсы сезінеді. Ойнайды, жүгіреді, билейді, тамағын ішеді.

Өкінішке қарай, балалар арасында дерт көп. Қамқорлыққа мұқтаж осындай ата-аналар мен қайырымдылыққа асық азаматтардың арасына Ұлттық арна байланыс орнатып, жыл бойына жақсылыққа ұйытқы болды. Нәтижесінде, көп бүлдіршін ауруынан айықты. Солардың бірі – Әларназ. «Жан жылуы» бағдарламасы арқылы қомақты қаржы жиналып, қажетті емін алды. Қазір ол қатерлі ісіктен құлантаза айығып, бақытты балалық күндерін алаңсыз өткізіп жатыр. 

«Қарекеттің» берекетін көрген балалар да көп. Жақсылық жүректен жүрекке жетіп, оншақты баланың кеселіне ем табылды. Жалпы, қамқорлық қазақтың болмысында әуелден бар. Асар жасап, зекет беріп, халықтың мұң-мұқтажына, қажетіне көз болып, қауымдасып үлес қосады. Қазір де осылай. Жомарт жандардың арқасында жүздеген сәби кеселден жазылды. Бұл ізгіліктің нұры себілген бірнеше оқиға ғана. Бүгінгі материалға сыймай қалған, қайырымдылықтың көшіне ілескен ізгі істердің қатары көп. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу