Қызылордада еріктілер науқас балаларға сыйлықтар үлестірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада еріктілер науқас балаларға сыйлықтар үлестірді

24.12.2018

Қызылордада «Сиқырлы керуен» үй аралап жүр. Өңірдің белсенді жастарынан құралған арнайы топ мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңажылдық сыйлықтар таратуда. Аяз ата мен Ақшақар, түрлі ертегі кейіпкерлері бар керуен 100-ден астам отбасында болып, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйламақ.

Ерасылдың жасы - 6-да. Өзі кіп-кішкентай болғанымен, дерті ауыр. Дәрігерлер бірнеше диагноз қойған. Сөйлей алмайды, дегенмен, Ерасылдың қуанғанын көзінен байқауға болады.    

Ал, Саят 8-де. Тырыспа дертіне шалдыққан балақай қазір ауруханада ем алып жатыр. Аяз ата мен Ақшақар оған да келді, сыйлық берді. Саяттың қуанышында шек жоқ.  

Роза Оспанова, Саяттың анасы:

- Мың алғыс айтамын. Балам қуанып қалды. Жұмыстары табысты болсын!

«Сиқырлы керуенді» «Жылы жүрек» еріктілер тобы ұйымдастырды. Белсенді жастар былтыр 150 балаға тосынсый жасаса, биыл 100-ден астам отбасына барып, мерекелік көңіл-күй сыйламақ. Демеуші - халық. Бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде хабарлама жарияланды, соған орай әркім шамасы келгенше үлес қосты. 

Сағатбек Қуанышбайұлы, ерікті:

- Осы Жаңа жылға кететін көптеген отырыстардан, шығындардан бас тартып, оның орнына жастардың басын қосып, неге осы мүмкіндігі шектеулі балаларды, соның ішінде үйден оқитын балаларға жаңажылдық көңіл-күй сыламасқа, неге бір сәт қуантпасқа? Өйткені, олар білесіздер, үйлерінен көп шыға бермейді.

Туа сала тағдырдың тәлкегіне тап болған бұл балғындардың әрқайсысы өзінше ерек. Бірақ, олардың бәрі өмірге құштар, әсемдікті жақсы көреді, айналадағы адамдардан мейірім, сүйіспеншілік күтеді. Ал, таңғажайыпқа толы мерекенің тосынсыйы бүгін оларға естен кетпес әсер ұялатты.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу