Басты Жаңалықтар Ағаштан түйін түйген ойыншық жасау шебері

Ағаштан түйін түйген ойыншық жасау шебері

Жаңа қоғамдық денсаулық сақтау саласының өкілдері ойыншықтардың біразынан денсаулыққа қауіпті заттар тапқанын айттық. Әрине, негізінен Қытайдан келетін заттардың сапасыз екені бүгін ғана белгілі болып отырған жаңалық емес. Дегенмен, соны біле тұра ата-аналар балаларына ойыншық әпермей тұра алмайтыны белгілі. Осы орайда, қызылордалық Әлнұр Жарқынбаев деген азамат кәдімгі ағаштан ойыншық жасауды қолға алыпты.

Ертегі кейіпкерлері, жан-жануарлар бейнесі мен техниканың сан алуан түрі. Тіпті, ұшақ пен тікұшақ та бар. Бұл - Қайрәлінің ойыншықтары. Дүкендердегі пластмассадан әзірленген зиянды ойыншықтардан ол әлдеқашан бас тартқан.

Қайрәлі Нұрәлиев:

- Осындай ойыншықтармен көп ойнаймын. Мұндай ойыншық біздің үйде өте көп. Достарыммен де бөлісіп ойнаймын. Мен папама қандай ойыншықпен ойнағым келетінім айтсам, маған сондай ойыншық жасап береді.

Қайрәлінің әкесі - Әлнұр, қарапайым мұғалім. Мектепте технология пәнінен сабақ береді. Бұрын ағаштан түрлі тұрмыстық бұйымдар ғана жасайтын. Кейін балаларының сұранысы бойынша ойыншықтың да түр-түрін жасауға ден қойды.

Әлнұр Жарқынбаев, ағаш шебері:

- Мынадай қарапайым ағашты, кәдімгі алма жәшіктерін отқа жағып жібергеннен гөрі осыған жаңа өмір сыйлау керек. Мысалы, айталық мына ағаштың өзінен бірнеше дүние шығаруға болады.  Қазір көпшіліктің сұранысы бойынша ағаш тұғырлар істеп жатырмыз.

Ағашты ойып-бедерлеп, кескін бейнелеуге көп уақыт кетпейді. Мысалы, мына машинаны шебер жарты-ақ сағатта дайын қылды. Шебер ойыншықтың түр-түсіне көбірек мән береді. Себебі, түрлі-түсті зат баланың ой-өрісін дамытып, қиялы мен көкжиегін кеңейтеді. Ал, алдағы уақытта қимыл-қозғалысқа келетін, дыбыс шығаратын, жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алатын түрлі ойыншықтар   жасамақ.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу