Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамытқысы келетін азаматтарға несие беріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамытқысы келетін азаматтарға несие беріле бастады

20.12.2018

Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамытқысы келетін азаматтарға мейлінше қолдау көрсетілмек. Нақты айтқанда, 6 пайыз жеңілдікпен 12 миллион теңгеге дейін несие беріле бастады. Өйткені, өңір тұрғындары тұтынатын балық етінің басым бөлігі қазірде сырттан тасымалданады. Ал, облыстағы 105 су қоймасынан жылына небәрі 200 тонна балық өндіріледі. Жергілікті әкімдік су айдындарының иелерімен келісіп, балық өндірісін дамытуды қолға алды. Осылайша, балық өсіруді 6 есеге ұлғайту жоспарланып отыр.

Талас ауданындағы Тамды көлі талай жылдан бері қараусыз қалған. Алып су айдынын пайдаға жарату ауыл тұрғыны Мейіржан Айкеновтің көптен ойында жүргенімен, қаржының жоқтығы қолбайлау болды. Мемлекет көмек көрсететінін ести сала 50 шаршы шақырымды алып жатқан көлді ойланбастан жалға алды. Көп ұзамай жеңілдетілген несиеге де қол жеткізген іскер азамат көлге шабақтың түр-түрін жібере бастады.

Мейіржан Айкенов, кәсіпкер:

- Тәжірибе түрінде салып көрдік. Балықтың алдыңғы жағы 1 келі 200 грам болып тұр. Табиғи ортасы өте тамаша.

Жаңадан ашылған Меркі балық өңдеу зауытының басшысы да бұл бастаманы қуана қабылдады. Өйткені, өңірде өңдейтін өнім жоқ. Амалсыздан алыстағы Аралдан алдыртады. Мұнда балықтың жон етінен бастап, 20-ға жуық өнім түрі өндіріледі. Тәулігіне 10 тоннаға жуық балық өңдеуге болатын кәсіпорын шикізаттың жоқтығынан толық қуатына көше алмай келеді.  

Нұрбек Көпбаев, Меркі балық өңдеу зауытының директоры:

- Тәулігіне 2,5 мың кг шығара аламыз. Қуатын одан да көтеруге болатын еді. Бірақ, ондай өнімді біз Аралдан, Балқаштан алып отырмыз. Олар алысырақ.

Жамбыл облысы аумағында өзен-көлдер қоры мол болғанымен, балық өсірілмейді. Мамандар 115 ірі су айдынның 103 су қоймасы балық өсіруге қолайлы деген қорытынды шығарып отыр. Осы ресурстарды тиімді пайдалансақ, балық өнідірісін жылына 1400 тоннаға жеткізуге болар еді.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу