Өңірлерде республикалық бюджеттен бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде республикалық бюджеттен бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған

20.12.2018

Мемлекеттік аудит нәтижесі Павлодар облысында 2 миллиард теңгеге заңбұзушылықты анықтады. Бюджет қаржысының 800 миллионы тиімсіз жұмсалған. Бұл туралы бүгін Есеп комитетінде өткен жиында айтылды. Ал, осыдан бір апта бұрын Павлодар әкімі Әнуар Күмпекеев бюджет есебінен 50 миллион теңгеге үй алғаны үшін жазаланды.

Мемлекеттік қызметкерлер элиталық жылжымайтын мүлік сатып алуға құмар. Бұлай деуге негіз бар. Павлодар қаласының әкімі көлемі 220 шаршы метрден асатын бес бөлмелі пәтер сатып алғаны белгілі. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы бойынша сол Павлодарда баспананың ең жоғары бағасы 15 миллион теңге. Ал, әкімдік пәтерді үш есе қымбат бағаға алған. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін шаһар басшысы қатаң сөгіс естіді.

Нұрлан Нұржанов, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі:

- Құрылыс саласында заңнамалық құжаттар, мемлекеттік сатып алуда құжаттар, бюджеттік жүйеде заңнамалық талаптар сақталмаған. Жалпы, анықталған қаржының 1 миллиардтан астамы есепке келтіріліп, тураланды. Бірқатар қаржылар құйылды. Қалған қаржыны бақылауға алатын боламыз.

Есеп комитеті бақылауға алатын жайттар аз емес. Мәселен, Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы мемлекет қазынасынан 57 млн. теңгеге пәтер сатып алған-ды. Артынша көпшіліктің наразылығын тудырды. Әзірге элиталы пәтер әкімдіктің меншігіне өтіп үлгермеген.

Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев те бюджет қаржысына қызметтік пәтерге тапсырыс берген. Шенеунік қызметтік үй алуға аудан бюджетінен 35 миллион теңге жұмсамақ болған. Алайда, облыс әкімінің ескертуінен кейін аудан басшысы мемлекеттік тапсырыстар сайтынан лотты алдыртып тастады.

Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова мамандарды қызметтік баспанамен қамтамасыз етудің қатаң критерийлерін бекітуді сұрады. Айтуынша, әкімдерді айтпағанда, кішігірім бастықтар, колледж немесе облыстық филармония директорына дейін қымбат көлік мінеді.

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Шымкенттің Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы «супер жайлы» 5 қызметтік пәтер сатып алу туралы хабарландыру берген. Әр пәтерге 43 миллион теңгеден бөлініп отыр. Көкшетауда әкімдік 40 миллион теңгеге аумағы 145 шаршы метр 4 бөлмелі пәтер сатып алды.

Мемлекет ақшасын оңды-солды шашқандардың бассыздығы ел назарына іліккен соң билік дер кезінде тосқауыл қойды. Алайда, Қазақстанның өзге қалалары мен ауданында мұндай деректердің қанша екені белгісіз.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу