Тіркелмеген телефондар 1 қаңтардан бастап байланыстан ажыратылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тіркелмеген телефондар 1 қаңтардан бастап байланыстан ажыратылады

20.12.2018

1 қаңтардан бастап ұялы телефон байланысысыз қалмайын десеңіз қазірден қамданғаныңыз дұрыс. 31 желтоқсанға дейін өз телефонының IMEI-кодын тіркеп үлгермегендер біраз әлекке түскелі тұр. Бұл жөнінде жылдың басынан бері айтылып-ақ келеді. Бірақ, халық асығар емес. Бүгінге дейін еліміздегі 27 млн-дай абоненттің тек 72% тіркеуден өткен. Біраз адам оның мәнісін дұрыс түсінбей, телефонын емес, SIM-картасының нөмірін тіркетумен шатастырып жүр.

Жұртшылық қаперіне, бұл SIM-картаны емес, SIM-карта салынатын мобильді құрылғылардың бәрін тіркету керек. Ұялы телефоннан бастап, планшет, модем, смарт сағат, тағы басқа. Әйтпесе, 31 желтоқсан түнгі сағат 12:00-де тіркелмегендері түгел істен шығады. Байланыс үзіледі, SMS хабарлама жіберілмейді, интернетке кірмейді. Ал, тіркелу тәсілі жеңіл. Мәселен, «Кселл» абоненттері жеке сәйкестендіру нөмірін 6006 нөміріне жібереді немесе *660# командасын басады. Басқа операторлар да соған ұқсас. Қысқасы, желтоқсанда жедел қамданбасаңыз, қаңтарда қарбаласқа тап боласыз.

Айгерім Еңсебаева, «Ksell» АҚ өкілі:

- Бұғаттан шешу үшін сізге қызмет көрсету орталығына келіп, қайтадан өзіңіздің жеке нөміріңізге тіркеу қажет болады. Яғни, оның жұмысы көбірек. Әрбір құрылғының IMEI-коды әр адамның деректеріне тіркелетін болады.

Енді көпшіліктің көкейіндегі күдікке келсек. «Егер тіркелсек еркін сөйлесу, кез келген SMS хат, бәрі-бәрі тексеріледі», деген мазасыз ой торлап жүр. Бірақ, ол жаңсақ пікір. IMEI-кодты жеке сәйкестендіру нөмірінің дерегіне енгізу арқылы ұрлықты азайтуға, сосын экстремизм және терроризммен күресті күшейту үшін керек. Халықаралық тәжірибеде бұл бар. Ұлыбритания, Түркия, Әзірбайжан, Украина солай қолданады.

Ержан Тоқтағұлов, ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі Байланыс саласындағы бақылау басқармасының бас сарапшысы:

Телефон ұрланса, иесі байланыс операторына баруы керек. Сөйтіп, құрылғыны желіден айырып тастайды. Яғни, ұры ішіндегі сақтаулы мәліметке еш зиянын тигізе алмайды. Ал, оны басқа біреуге сатып жіберген жағдайда жаңа иесі SMS-картасын салған бойда Ішкі істер органына ақпарат түседі. Осылайша, жедел тауып алуға болады. Сондай-ақ, басқа да телефон арқылы жасалатын теріс пиғылды әрекеттің жылдам жолын кесуге бағытталған.

Қазір қолданыстағы смартфондарды тіркемесеңіз, әлекке түсесіз. Жоғарыда айттық. Ал, жаңа жылдан бастап сыйға немесе сатып алынған құрылғыларды әдеттегіше тіркете беруге болады. Егер біреу телефонын берсе, өзі тіркеуден шығуы тиіс. Сөйтіп сіз дерегіңізді қайта енгізесіз. Бір адам бірнеше SIM-карталы байланыс құралын ұстай алады.  

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу