Бүгін түнде Қызылорда облысында уақыт бір сағатқа кейінге шегеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін түнде Қызылорда облысында уақыт бір сағатқа кейінге шегеріледі

20.12.2018

Бүгін қызылордалықтар түнгі 12-де уақытты бір сағатқа кері шегереді. Сыр елінің халқы 13 жылдан бері географиялық сағаттық белдеудегі уақыт өлшемінің қолайсыздығын сезініп келді. Себебі, 2005 жылдан бастап «қысқы» және «жазғы» уақытқа ауысу тоқтатылған. Бұл мәселеге бастапқыда аса мән берілмегенімен, кейін қалыптасқан биологиялық уақытты бұзу адамның өмір сүру дағдысына, денсаулығына, көңіл күйіне кері әсер ететінін ғалымдар дәлелдеді. Аймақта арнайы  топ құрылып, жұмыс істеді. Соның нәтижесінде көптен күткен мәселе оң шешімін тапты. Сыр өңірі енді 5-ші уақыт белдеуінен 4-ші уақыт белдеуіне ауысады. 

Руслан Рүстемов, облыс әкімінің орынбасары:

- Қолданыстағы уақытты есептеу тәртібін өзгерту туралы облыс әкімінің ұсынысын Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Бұл ұсыныс облыстың табиғи және әлеуметтік-экономикалық дамуына оңтайлы шешім болып қабылданып отырғаны сөзсіз. Осыған сәйкес, Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданды.

Бір қызығы, Қызылорда халқы үшін бүгін 20 желтоқсанда бір тәулік 24 сағат емес, бір сағатқа ұзарып, 25 сағатқа созылады. Сондықтан, бұл күн сыр халқы үшін ерекше есте қалмақ.  

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу