«Мәңгілік ел – болашаққа ұмтылған ел». Шығыс Қазақстанда осындай атаумен қоғам белсенділері мен көшбасшылардың аймақтық байқауы өтті. Облыстық Білім басқармасы ұйымдастырған білім бәйгесінде, алдымен, оқушылар тарих, география, әдебиет және Қазақстанның мәдениеті бойынша сауалнама сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, «Бәсекеге қабілетті, мықты, шығармашыл 21 ғасырдың тұлғасы» деген атаумен өткен пікірталас алаңында ой жарыстырды. Байқаудың интеллектуалдық сайыс ретіндегі екінші бөлімінде аудандық байқауларда іріктелген 200-ден аса оқушы бақ сынасты. «Өз жеріңді танып біл» деп аталған интеллектуалдық ойын оқушылардың ой-өресінің деңгейін айғақтай түсті. Бас жүлде өзгелерден оқ бойы озық шыққан риддерлік командаға бұйырды.
Нұрислам Бейсенбай, 9-сынып оқушысы:
- Осындай жерге келіп, өзіміздің білімді, сындарлығымызды білдіре отырып, Мәңгілік елге деген ұмтылысымызды көрсетіп отырмыз. Бұл жерде тек қана біздің білім маңызды емес, ұлтқа деген сүйіспеншілік ашылып келе жатқан сияқты. Әлихан бабамыз айтады, «ұлтқа қызмет ету, ұлтты басқару білімнен емес, мінезден» дейді. Бұл жерде тек білімді ғана емес, мінезімізді, ұлтқа деген сүйіспеншілігімізді көрсетіп, барынша ашып жатырмыз.
Айгүл Байжанова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Біздің балалар білімдерінің жоғары екенін көрсетіп жатыр. Бұл мемлекетімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен білім саласы мен жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлінетінін айғақтайды. Облысымызда білім беру жүйесіне, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше мән берілген. Соның нәтижесі көрініп тұр.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.