Басты Жаңалықтар Қызылорда облыстық медициналық орталығы - ТМД-да теңдесі жоқ медициналық орталық

Қызылорда облыстық медициналық орталығы - ТМД-да теңдесі жоқ медициналық орталық

ТМД-да теңдесі жоқ ғимарат - Қызылорда облыстық медициналық орталығы. Бұл алып аурухананы салу идеясы 1990 жылдары көтерілген болатын. Өңірде мұнай көздері ашылып, соған орай шетелдік инвесторлар келіп жатқан кез. Алайда, КСРО тарап, құрылысқа қажетті қаражат мәселесі шешілмей қалды. Бірақ, одақтан іргесін енді ғана бөлген жас мемлекет қолға алған істі аяқсыз қалдырмады. Қазақ Үкіметі қолдан келгенше проблеманы шешуге тырысты. Нәтижесінде, барлық тиісті талаптарға сәйкес келетін медициналық орталық салынып, халық игілігіне берілді.

Бұл - Тәуелсіздіктің төл туындысы, жас мемлекетте бой көтерген алғашқы алып нысан. 1998 жылы аурухананың ашылу салтанатына Елбасы қатысты, зәулім де сәнді ғимараттың лентасын қиды. Қазір медициналық орталық - Сыр елінің мақтанышы.  

Берік Дәуітбаев, ОМО Кардиологиялық орталық меңгерушісі:

- Елбасы өзі келіп ашқан. 1998 жылдан бері осы орталықта тер төгіп келемін. Басында әрине, қиын кезең болды. Құрал-жабдықтар жетіспеді. 20 жылда осындай кемелденген жағдайға жетеміз деп ойлаған жоқпыз. Қазір бәрі жеткілікті. Сырбойылықтарға ем іздеп, басқа өңірлерге сабылудың қажеті жоқ.

Аурухананың жетістігі жетерлік. Жылдан-жылға қызмет көрсету аясы кеңейіп келеді. Соңғы ашылған жаңа кардиология және нейроинсультты орталықтарда бұрын-соңды өңірде жасалмаған операциялар жүзеге асырылуда.

Нұридин Әмитов, облыстық Медициналық орталықтың директоры: 

- Орталықта жылына 15-16 мың науқас туәліктік стационарда ем алады. Оның ішінде мыңнан астам науқасқа жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілуде. Жүрекке ашық ота жасалып жатыр. Бастапқы кезде жылына 30-40-тай жасайтын едік, соңғы кезде жүрекке 200-дей ашық ота жасалып жатыр.

Медициналық көмектің 63 түріне лицензиясы бар орталықта 20 жыл ішінде жалпы 100 мыңнан астам операция жасалған. Әсіресе, ми және қан тамыры ауруларына эндовоскулярлы әдіспен  жүргізіліп жатқан ем  нәтижелі. 

Азамат Қожахметов, рентген-хирург:

- Бас, ми қан тамырында қапшық тәріздес аневризма пайда болады. Оның қауіптілігі жоғары қан қысымы кезінде басқа да себептерге байланысты жарылу қаупі өте жоғары, сол кезде науқастар инсульт алады. Ол өлімге дейін алып келеді. Сондықтан, оның алдын алу үшін біз микроспиральдармен жауып, болашақта екінші рет жарылуына жол бермейміз.  

Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатқан медициналық орталық осылайша талай жанның өміріне араша болды, мыңдаған науқастың өмірін ұзартты. Сондықтан да, халық егемен елдің төл туындысын - алып ғимаратты-денсаулықтың ақ ордасы атайды.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу