Қайыршыларға садақа беретіндерге айыппұл салу керек. Мәжіліс депутаты Шәкір Хахазов Премьер-министрдің атына осылай деп сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, елімізде қаптап кеткен қайыршылар мен олардың бизнесіне тосқауыл қойылуы тиіс.
2015 жылы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске қайыр тілегені үшін қолданылатын айыппұл түріндегі жазаны қарастыратын түзетулер енгізілген. Бірақ, ол кодекс қабылданғалы төрт жыл өтсе де, заңның айтарлықтай әсері байқалмайды. Тіпті, жеңілдетілген нормалардың нәтижесінде қайыр тілеу оқиғалары белең алып отыр екен.
Шәкір Хахазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қайыр тілейтін үй-күйсіздердің көбеюі айыппұл сияқты репрессивті шарамен бұл әлеуметтік проблеманы шешу мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне қайыр тілеп отырған адамнан қандай жолмен айыппұл алуға болады? Бұл ретте қайыршыларға емес, оларға садақа беретіндерге айыппұл салатын шет мемлекеттер тәжірибесін үлгі ету орынды деп ойлаймын.
Хахазовтың әріптесі Меруерт Қазбекова болса, қымбат үй алатын шенеуніктердің тәбеті жайлы сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, біздің шенеуніктер Өскемен, Шымкент, Көкшетау қалаларында да элиталы баспана сатып алған. Ал, Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында аудан әкімінің зәулім үйін жөндеу үшін бюджеттен 24 млн. теңге бөлінген екен. Шенеуніктердің өздері тұратын объектілерді жеңілдікпен жекешелендіріп алатынын да жоққа шығаруға болмайды. Меруерт Қазбекова мемлекеттік органдар мен бюджеттік қызметкерлердің қызметтік баспаналарын тексеру керек деді.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.