Атырауда елімізде баламасы жоқ диірмен кешені іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда елімізде баламасы жоқ диірмен кешені іске қосылды

19.12.2018

«Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы аясында ашылған зауытта түрлі сұрыптағы бидай өңделіп, одан жоғары сапалы өнім алынады. Өндіріске қажетті дәнді-дақыл Солтүстік өңірлерден жеткізіледі. Кәсіпорын жылына 55 мың тонна дайын тауар шығаруға қауқарлы. 

Зауыттағы 55 адам екі ауысым бойынша еңбек етеді. Орташа жалақы 150 мың теңгенің шамасында. 

Еркінқожа Ережепов, зауыт технологы:

- Ұнның 3 түрі - бірінші, екінші, сортты ұндар шығарамыз. Сосын ұнтақ жармасын шығарамыз.

Бірегей диірмен кешенінің ерекшелігі, қол күші толықтай автоматты технологияға алмасқан.  Зауыттағы жұмысшылар Италиядан әкелінген құрылғыларды бір тетік арқылы іске қосады.

Жандос Темірғалиев, тілші:

- Мұндағы жұмыс процесі мынадай планшет арқылы басқарылады. Егер зауыттың бір құрылғысы істен шықса, құрастырушы итальяндық мамандар Атырауға келмей-ақ, сол жақтан жөндеп беруге қауқарлы.

Заманауи диірменде тәулігіне 170 тонна өнім өңделеді. Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанайдан әкелінетін бидайдан ұнның барлық сұрыптары мен кебек өнімдері шығарылады.

Рашид Отаров, ЖШС атқарушы директоры:

- Шикізатты шетелге шығарып, одан дайын өнімді сатып алып жүргенбіз. Қазір Елбасының алға қойған бірінші мақсаты, ауыл шаруашылығын қолдау және «Цифрлы Қазақстан». Екі бірдей мемлекеттік бағдарлама. Біздікі осының жемісі, қазіргі таңда көріп жатқанымыз.

Дайын өнімнің 80 пайызы ішкі нарықты қамтуға жеткілікті. Қалғанын ТМД мен Азия елдеріне экспорттау жоспарланған. Келешекте қазақстандық өнім Еуропа нарығына шығарылады, ол үшін келіссөздер жүруде. 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу