Басты Жаңалықтар «Жыламасын балалар» акциясы аясында тағдыр тауқыметін көрген балаларға түрлі көмек жасалды

«Жыламасын балалар» акциясы аясында тағдыр тауқыметін көрген балаларға түрлі көмек жасалды

Қызылорда облысында 984 бала қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Мұны «Арал балалары» қоғамдық қоры анықтаған. Былтыр 3 пен 7 жас аралығында 392 бала, биыл 7 мен 15 жас аралығындағы 592 жасөспірім арнайы тізімге алынған. Өкінішке қарай, науқас жеткіншектер саны да жылдан жылға көбейіп барады.

Бұл - Айжан мен Тұрсынай. Аналары көше тазалаушы, таңсәріден қара кешке дейін жұмыста.  Әкелері биыл ауыр науқастан көз жұмған. Терезесі алқам-салқам, едені мен шатыры шұрық-тесік  үйде көбіне осы екі қыз отырады. Үлкені мектепке кеткенде, кішісі жалғыз қалады. Зарина Хамзатованың да жолдасы биыл қайтыс болды. Жас келіншек 6 баламен қалды. Ал, кенжесі әкесі көз жұмған соң бірнеше күннен соң өмірге келген.   

Зарина Хамзатова, қала тұрғыны:

- Бір бөлмеде отырамыз. Бір бөлмеде жатамыз. Қалған бөлме мұздай. Балалар ауырып қала береді.

Тауқымет тартып жүргеннің бірі - Гүлфайруз есімді келіншек. Екі ай бұрын босанған. Баратын жері болмағандықтан, әлеуметтік қонақ үйді паналап отыр.

Гүлфайруз:

- Күйеуім сотталып кеткен. Қазір үш балам бар. 7-де қызым бар, 3-те ұлым бар, мынау- үшіншісі.  Қызыма қарай алмағандықтан, нағашы әжесіне бердім.

Бауыр еті баласы үшін шарқ ұрған ана. Науқас перзентінің дертіне ем іздеп, шырылдаған ана.   Тағдыр тәлкегі түрлі болғанымен, түйткіл ортақ.

Аида Әбибуллаева, «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы:

- Мені алаңдататын мәселе - аналардың психологиялық жағдайы. Олардың өздеріне психологиялық көмек керек. Оларға үлкен қолдау керек. 8 мың ананың тек қана 14 пайызының дені сау. Бұл өте қорқынышты, үрей туғызатын цифр деп есептеймін.    

 «Арал балалары» қоғамдық қоры қиын жағдайдағы отбасыларын қолдау мақсатында қала және үш аудан бойынша 36 мектепте пилотты жобаны жүзеге асыруда. 

Құралай Исаева, «Арал балалары» қоғамдық қорының директоры:

- Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының түрлі проблемалары бар, мысалы, әлеуметтік төлем, медициналық көмек алу, білім, құқықтық мәселелер. Бұған әр ведомство өз деңгейінде, өзіне қатысты тұрғыда ғана қарайды. Бірақ, ол аздық етеді, яғни, көп жағдайда барлық мекеме бірлесіп іс-қимыл жасау қажеттігі туындайды. Сондықтан, бұл мәселелер оң шешілуі үшін салааралық байланыс болуы керек.

Осы мектептер 40 жанұяны ерекше назарға алды. 9-ның проблемасы толық шешілді. Оның ішінде 6 балалы Заринаға да тиісті көмек көрсетілді. Үйіне жылу құбыры жүргізіліп, көмірмен қамтамасыз етілді. Ал, Айжан мен Тұрсынайға қайырымды азаматтар үй салып жатыр. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу