Биыл Кеген ауданының шаруалары Қырғызстанға 20 тонна ет экспорттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Кеген ауданының шаруалары Қырғызстанға 20 тонна ет экспорттаған

19.12.2018

Кегеннің етіне көрші елдерден сұраныс көп. Биыл Алматы облысы, Кеген ауданының шаруалары Қырғызстанға 20 тонна ет экспорттаған. Ал, келер жылы экспорт көлемін 90 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Соңғы уақытта аймақта ауыл шаруашылығының әлеуеті артып келеді.

Кеген - ауыл шаруашылығымен танылған аймақ. Биыл ауданда өнім жылдағыдан жақсы түскен. Сол себепті, жәрмеңкеде барлық тауар базардан 25-30 пайызға арзан сатылды. Әсіресе, тұрғындар еттің бағасына дән риза.

Дария Базарбаева, Кеген ауданының тұрғыны:

- Қой еті 1300 теңгеден, сиыр еті 1400 теңгеден сатылып жатыр. Халыққа осындай жағдай жиі болып тұрса деп ойлаймыз. Бәрі жақсы риза болып жатыр енді.

Ауқымды жәрмеңкеде жаңа техника да таныстырылды. Өйткені, соңғы уақытта Кегенде кәсіпкерлер саны артып келеді. Ауданда қазір мың жарымнан астам шаруа қожалығы болса, оларда 5000-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Биыл кәсіпкерлерді оқыту жұмысы да қолға алынып, 123 адам тағылымдамадан өткен.

Жанна Қырғызәліқызы, облыстық Кәсіпкерлер палатасы Кеген аудандық филиалының директоры:

- Биыл бізде 35 адам несие алды. 9 адам мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. Сондай-ақ, «Сыбаға», «Кәсіпкер», «Игілік» бағдарламалары аясында ауылшаруашылық қолдау қорынан несиелерін алып жатыр.

Аудандағы шаруа қожалықтарының алдында қазір мал тұқымын асылдандыру мақсаты тұр. Осы бағытта 67 кәсіпкер еңбектеніп, етті және сүтті сиырлардың санын өсіруді жоспарлап отыр.

Талғат Байеділов, Кеген ауданының әкімі:

- Біз 2019 жылға ірі жобалардың ішінен мал бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлап отырмыз. Біреуі 6 мың бастық, біреуі 2 мың бастық. Олардың құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.

Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде биыл ауданда 14 млрд. 500 млн. теңгенің өнімі өндірілген. 2019 жылы 19 млрд. теңгеден астам өнім шығару жоспарда бар. Осылайша, кегендіктер Елбасының тапсырмасына орай, 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттырмақшы.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу