Семейде бір күнде бірнеше нысан ашылып, ел игілігіне берілді. Соның бірі жоғарытехнологиялы көз микрохирургиясы кешені. Нысан мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жеке инвестицияға салынған. Медициналық мекемеде офтальмологиялық емнің ең озық түрлері көрсетілмек. Осыған дейін көз ауруларын емдеу немесе анықтау үшін тұрғындар басқа қалаларға, шет ел клиникаларына жүгінетін. Енді заманауи медициналық көмек үшін алысқа бардың қажет жоқ.
Ерғали Мергенбаев, қала тұрғыны:
- Зейнеттен асқан үлкен кісілерге қаланың ішінде, жақын жерден өте жақсы. Көз жас ұлғайған сайын нашарлай бастайды. Сондықтан, осыны ашып жатқан кісіге мен рахмет айтамын.
Тәуелсіздік күні Оралда жаңа мектеп ашылды. 900 орындық білім ошағы қаладағы үшауысымды мектептер мәселесін шешуге сеп болды. Сарытау шағын ауданында бой көтерген нысан қаладағы 50-ші білім ордасы. Енді Зашаған кентіндегі үш ауысымда білім беретін қос мектептің оқушылары жаңа білім ордасына сабаққа барады. Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу биылғы Жолдауда жүктелген міндет.
Ал, Павлодар облысында Тәуелсіздік мерекесінде 200-ден аса тұрғын қоныс тойын тойлады. Олардың бәрі «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, жаңа баспанаға ие болды. Яғни, «Тұрғын үй жинақ банкінің» салымшылары. Баспана шаһардағы Сарыарқа шағын ауданында бой көтерді.
Асанәлі Садықов, қала тұрғыны:
- Өте қуаныштымыз. Көптен күткен күн. Бүгін қолымыз жетіп, пәтер алып жатырмыз. Пәтер алатын жанұялар көп болсын!
Ержан ЖАҚЫП
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.