Астық жөнелтіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астық жөнелтіле бастады

13.12.2018

Вагон тапшылығынан тығырыққа тірелген павлодарлық дихандар үшін өзекті мәселе шешілді. Бүгін шаруалар экспортқа жөнелтілетін бидайды тией бастады. Тура бір апта бұрын олардың проблемасын Ұлттық арна тілшілері көтерген болатын. Ала жазбай аянбай еңбек етіп жинап алған астығын екі айдан бері жөнелте алмай отырған дихандарға алғашқы вагондар жетті.      

Шаруалардың көптен күткен вагондары  Қалқаман элеваторына келіп жетті. Бұл  биылғы орақ науқаны аяқталғалы келіп тұрған алғашқы құрам.  Қазір Ташкентке  жіберілетін бидай тиеліп жатыр. Өнім «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне тиесілі. 

Нұрлан Чапайұлы, Қалқаман элеваторының өндірістік директоры:

Біз бүгін қуанып жатырмыз. Бірінші вагондар келді. 12 вагон келді. Соны Шымкентке жіберіп жатырмыз. Өзбекстан шекарасы жабық. Онда Қазақстан  теміржолындағылардың сөзі бойынша кептеліс болып жатыр.

Астық өндіруші кооператив биыл тұңғыш рет араға делдал салмай Өзбекстанға өнім сатуды жоспарлаған болатын. Сөйтіп,  тамыз айында 27 мың тонна астық жіберуге келісім-шарт жасалды. Алайда, экспорт талабына сай дайын өнім вагон жетпей, жатып қалды.  Күннен күнге астықтың сапасы төмендеп, шығынға баттық деп тағаты таусылған шаруалар тап бүгін Астанаға келіп үлгерді.

Ерлан Тоқтышақов, «Ертіс Агро»  ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

Журналистердің араласуынан кейін біздің мәселеміз оң шешімін тапты. Енді вагондар тоқтаусыз қатынап, астық дер кезінде жіберіліп отырса, біз ешқандай шығынсыз  экспорттық келісім шартты мерзімінде орындар едік.

Дихандар мәселесі мұнымен біткен жоқ. Ерте жинап алған құрғақ бидайдан басқа сатылмай жатқан өнім бар.

Болат Аманбаев, тілші:

Биыл күз жауынды болып, егіннің басым бөлігі дымқыл күйінде жиналды. Ал, элеваторлар ерте орылатын арпамен толтырылған. Міне, ол өнім сол күйінше жатыр. Өйткені, вагон болған жоқ. Дихандар енді қамбадағы бидайды қайда апарып құрғатудың амалын таба алмай әлек.   

Мұның жалғыз-ақ жолы бар. Экспортқа арналған өнім жөнелтілсе элеваторлар босап дымқыл астықты кептіруге кіріседі. Сондықтан, аймақ дихандары үшін вагон ауадай қажет. Ал, енді кешеуілдейтін болса бидай шіри бастайды. Оның үстіне элеватор аязды күндері астық құрғатуды қымбаттатып жібереді.

Болат АМАНБАЕВ     

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу