«Нұр Отан» партиясында жаңа пікірталас алаңы өз жұмысын бастады. Енді рухани құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту, мемлекеттік тіл мен мәдениетімізді одан әрі дамыту сияқты ұлттық мәселелер осы алаңда кеңінен талқыланады. Тек қазақ тілінде жүргізілетін бұл жобаның мақсаты – қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті рухани мәселелерді талдап, оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру.
Жобаның алғашқы тұсаукесер отырысы «Тәуелсіздігіміздің рухани негіздері» тақырыбына арналды. Спикерлер елдігіміздің рухани тірегі саналатын басымдықтарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылған стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудың негізгі бағыттарына назар аударды.
Ашық пікір алаңында Мәулен Әшімбаев жастардың бойында құндылықтар жүйесі мен тарихи сананы қалыптастыру қажет екеніне тоқталып, барлық қазақстандықтарды еліміздің ең басты, ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнін тойлауға өз үлестерін қосуға шақырды .
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Біздің кәсіпкерлеріміз, сауда орталықтарымыз тәуелсіздігімізді тойлауға көп мән беретін болса, бұл күндері сөрелерін ұлттық нышандарымызға қатысты элементтермен безендіретін болса, сонда жұмыс істеп жатқан адамдар киімдерінде ұлттық символика пайдаланатын болса, арнайы жеңілдіктер, акциялар болып жатса, әрине, бұл Тәуелсіздік мерекесін толыққанды, жан-жақты тойлауға әсерін тигізер еді деп есептейміз.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.